Ақтөбеде үйірлі және саяқ шегірткеге қарсы улау жұмысы жүгізіледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жоспар бойынша 424 мың гектар аумақта үйірлі, ал 160 мың гектар аумақта саяқ шегірткеге қарсы өңдеу жұмысы өтеді. Оған ұшу аппараттары да қолданылады.

техника
Фото: Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыровтың мәліметіне сүйенсек, биыл 424 055 гектар жер үйірлі шегірткеге қарсы өңдеуден өтеді. Өткен жылмен салыстырғанда ауданы 88,9 мың гектарға аз. Өңдеу жұмыстары кезінде дрондар да қолданылады. Барлығы 74 бүріккіш техника жұмылдырылады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті бюджет есебінен саяқ шегірткеге қарсы 159,6 мың гектар алқапта өңдеу жоспарланған.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «ауыл шаруашылығы дақылдарын улы химикаттармен өңдеу бойынша қызметтер» лотында мамыр, маусым, шілде, тамыз айларының жұмысын бекіткен. Бұл жұмыстарға 465 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Келісімшартта өңдеу көлемі кемуі немесе артуы мүмкін екені жазылған. Өңдеу таңғы және кешкі уақытта жүргізіледі.

— Саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу қызметтерін көрсету үшін аэрозольдық генераторлардың саны Фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу қағидаларына сай болуы тиіс. Яғни кемінде 10 техника пайдаланылады. Тапсырыс беруші мониторинг жасауы үшін әр техникада GPS-трекер орнатылуы керек. Пестицидтер Ақтөбе облысының аумағындағы арнайы қоймаларда сақталуы тиіс, — деп жазылған техникалық құжатта. Бұл жұмыстар жеңімпаз атанған «Ақтөбе-Құнарлылық» ЖШС-нің міндеті.

Еске салсақ, 2026 жылы елімізде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу көлемі 2,2 млн гектар болады.

Әрі шегірткеге қарсы күрес цифрландырылмақ.