Ақтөбеде үздік педагогтар марапатталды

Алқалы жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров, әкімнің орынбасары Айгүл Арынғазиева, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогикалық еңбек ардагерлері мен ата-аналар қатысты.
Білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева 2013-2014 оқу жылының қорытындылары туралы, алда атқарылатын жұмыстар жайлы нақты мәлім етті. Басқарудағы менеджмент мәселелеріне тоқталды, жаңа мақсаттар мен міндеттерді белгіледі.
«Сонымен қатар, 2012-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық іс-әрекет жоспарын іске асыру мақсатында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту қажет. Бұл білім берудің бүгінгі кезеңінде бірінші кезектегі міндет болып табылады», - деп атап өтті. Л. Оразбаева.
Конференция «Болашақ оқушы моделі - ұстаздар, ата-аналар, жас мұғалімдер және оқушы көзімен» ашық диалогымен жалғасты. Оның барысында қатысушылар оқушыны келешекте қандай үлгіде көргісі келетіні жайлы пікірлерімен алмасты. Артынша қала әкімі Е. Омаров оқытушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, үздік білім беру мекемелерін, педагогтарды ақшалай сертификаттармен марапаттады.
Алғыс хаттармен 200 мың теңгелік сертификаттармен №41 мектеп, №35 «Нұрсат» мектепке дейінгі мекемесі, қалалық жас туристер стансасы марапатталды. Қаланың 10 педагогі 100 мың теңгеден сыйлықақы алды.
Тамыз кеңесі ертең педагогикалық студия, тренингтер, интерактивтік ойындар, дөңгелек үстелдер үлгісіндегі пәндік секциялық отырыспен жалғасады.