Ақтөбеде үздік жас инспекторлар анықталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мектеп оқушылар арасында жас инспекторлар слеті өтті. Байқауға 170 оқушы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мектеп оқушылары демалысты қызықты өткізіп жатыр. Ақтөбеде облыстық жас инспекторлар слеті өтті. Оған 12 команда қатысты. Барлығы 170 оқушы екі күн бойы сап түзеп жүру, алғышқы медициналық көмек көрсету, жол ережесімен танысып, көшедегі қозғалысты меңгерді.
«Жас инспекторлар слеті мектеп оқушыларының арасындағы бірлікті нығайтып, балалардың дамуына үлкен үлес қосып келеді. Оқушылар полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысып, жол ережесін жаттайды, ұғынады. Жаз айыларында оқушылар ата-ананың қарауынсыз, жеке жүретінін ескерсек, кейде олар абайсызда жол-көлік оқиғасына тап болып жатады. Слет осы олқылықтың алдын-алуға бағытталған. Бір қуантарлығы, жыл өткен сайын байқауға қатысушылар саны артып келеді»,- деді Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің ювенальды полиция бөлімінің басшысы Ақтолқын Өтешова.
Айта кетейік, байқау кезінде 8 сынақ берілді. Оқушылар велосипед айдап, тапқырлар мен білгірлер сайысына қатысты. Үгіт-насихат бригадаларының конкурсында әртістік өнерлерін ортаға салды. Екі күнге созылған жарыста Қобда ауданының оқушылары жеңіске жетті. Олар Шығыс Қазақстан облысында өтетін республикалық байқауда Ақтөбе намысын қорғайды.