Ақтөбеде вирус жұқтырған 300-ге жуық науқас инфекциялық стационарларда жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Өңірде вирус жұқтырған 300-ге жуық науқас инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Ал 8 мыңнан астам адам үй карантинінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен тәулікте Ақтөбеде 237 адам ауырып, дәрігер көмегіне жүгінді. Көбі қала тұрғыны. Сонымен бірге Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір аудандарының тұрғындары да бар. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, бүгінге дейін 43 мыңнан астам адамнан вирус анықталса, оның 85 % жазылған.
«Биыл 8 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ал облыс бойынша барлығы 5472 ауру ошағы тіркелді. Оның 4976-сы тұрмыстық, 496-сы ұйымдасқан топ, оның ішінде 43-і медициналық ұйым. Негізінен 30-39 жас аралығындағы адамдар анасында жиі анықталатыны белгілі болды. Сонымн бірге 40-49 жас аралығындағы адамдар ауырып жатыр», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Өңірде 47 мобильді мониторинг топ бар. Биыл олар 735 мың теңгенің 16 әкімішілік айыппұлын салды. Жалпы «Ашық» жобасын қолдану кезінде 136 адамнан «қызыл», 33 адамнан «сары» статус анықталды.
«Жаңа 2021 -2022 оқу жылында (1 қыркүйек - 20 қаңтары аралығында) оқушылары арасында 1 616 жағдай тіркелді. Оның 600-ден астамы демалыс кезінде вирус жұқтырған», - деді Райхан Қойшанова.
Айта кетейік, қазір 300-ден астам адам ауруханада жатыр. Оның 22-і жансақтау бөлімінде. Вирус жұқтырған 449 баланың 19-ы ауруханада жатыр. Сонымен бірге 146 жүкті әйелдің 36-ы дәрігерлер бақылауында.