Ақтөбеде вокзал кезекшісі екінші қабаттан секіріп кетіп, бұған басшылықты кінәлауда
Ол екі ұлына хат жазып, кінәлі адамдардың аты-жөндерін қалдырған. Оның сөзінше, ол бұл әрекетке вокзал әкімшілігімен болған ұрыс-керістен кейін барған. Ал ғимарат әкімшілігі өз тарапынан ешқандай қысымның жасалмағанын айтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе вокзалында кезекші болып жұмыс істеп жүрген 43 жастағы Жанат Жасамбаева 27 сәуір күні вокзалдың екінші қабатынан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған. Облыстық жәдел-жәрдем ауруханасына жеткізілген науқас бас жарақатын алған, миы шайқалған.
«Түскен кезде жағдайы орташа ауыр болды. Қазір өз-өзіне келіп жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Тексерулерден өтті. Емін жалғастыруда. Осы аптаның соңына дейін емін жалғастырып, учаскелік невропатологтың бақылауына жіберіледі. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Мүгедек болып қалмайды»,- деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының дәрігер нейрохирургі Мақсұт Еркебаев.
Жанат Жасамбаева Ақтөбеге Қызылорда облысынан қоныс аударған. Ол күні бүгінге дейін вокзал кезекшісі болып жұмыс істеді.
«Вокзал сервис» ЖШС-ға жұмысқа тұрғанымда қылмыстық ортаға тап болғанымды білдім. Бұл жерде бәрі ақшаға байлаулы екен. Мен жолаушыларға арыз-шағым кітабын беріп, міндетімді бұлжытпай орындадым. Ал Ақтөбе вокзалында арыз-шағым кітабы берілмейді екен. Сол үшін мені вокзал басшысы Мүслима Қосанова Ақтөбе стансасындағы желілік ішкі істер бөліміне тапсырды. Ештеңе дәлелденбей, мені босатты. Қаңтар айынан бері осындай жағдай. Жұмыстан шығып кете алмаймын. Екі балам студент. Өзім қалада пәтер жалдап тұрамын»,- деді Жанат Жасанбаева.
Ауруханада ем алып жатқан вокзал көмекшісінің айтуынша, басшылар «жұмыстан шық, орныңды босат» деп талап қойған. Бірнеше рет бас тартқан Ж.Жасамбаева қысымға шыдай алмай, жұмыстан шығу туралы арыз жазып, қол қойды. Кейін вокзалдың екінші қабатынан секіріп кеткен. Ол алдын ала хат жазып, мән-жайды түсіндірген.
«Жолаушылар үшін билет алу қиын. Билет болса да кассада «билет жоқ» дейді. Себебі, билетті өз адамдары алып, қайта сатады. Жолаушыларға «барыңдар, кассада билет бар, алыңдар» деймін. Сол үшін де жазаландым. Пойыз арқылы ақша тасымалданады. Мен ол жерге бармаймын, ақшаны күтіп алмаймын»,- деді Ж.Жасамбаева.
Қазір осы оқиға бойынша Ақтөбе стансасындағы желілік ішкі істер басқармасы тексеруді бастады. Ал вокзал басшылығы жұмысшыны қудаламағандарын айтады.
«Жанат Жасамбаеваны ешкім қудалап, оған ұрысқан емес. Ол сол күні жұмыста болды. Қазір оқиға бойынша тергеу басталды. Біз жауап бердік»,- деді вокзал басшысы Мүлима Қосанова.