Ақтөбеде заманауи жеңіл атлетика манежі салынады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жеңіл атлетика манежі салынады. Сонымен қатар, IT технология орталығын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мұнай компаниясы салып береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде заманауи жеңіл атлетика манежі салынады

Ақтөбеде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 73 жобаның келісімі жасалды. Спорт, денсаулық сақтау, білім мен мәдениет саласындағы нысандардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар, шалғай аудан, ауылдарда медицина нысандары салынды.

«Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Чехия елінің инвесторлары 2 500 көрерменге арналған Мұз сарайын қолданысқа береді. Жоба құны - 3,7 млрд теңге. Қаржының 70 пайызын «Н+Н Technica» компаниясы бөлді. Жоспар бойынша нысан іске қосылған кезде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан  чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы, Батыс-2 ықшам ауданында Теннис орталығының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа спорт кешені шілде айында пайдалануға беріледі. Мұнда төрт жабық, төрт ашық корт болады. Кешенде 500-ден аса адам жаттыға алады. Ал жеңіл атлетика манежінің құрылысы енді басталады»,- деді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметкері Сара Амангелді.

Ақтөбеде экономиканы сандық жүйеге көшіру іске асырылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай «Smart Aktobe» жаңа ақпараттық технологиялар орталығы құрылады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мұнай компаниясына IT паркін салу жобасын ұсынды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, IT парктің жұмысы старт-ап жобалар және дамып келе жатқан ақпараттық компаниялар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталады.

null