Ақтөбеде заңсыз төгілген қоқысты жинауға 180 млн теңге жұмсалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл ғарыш түсірілімі кезінде облыста 115 заңсыз қоқыс алаңы анықталды. Оның 90%-дан астамы тазартылған. Қоқыс үйіндісінің 28-і қалада.
Ғарыш мониторингі кезінде Ақтөбе қаласы мен Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Қарғалы және Хромтау аудандары ішінара қамтылады. «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ геопорталының мәліметіне сүйенсек, биыл да 115 учаскеден қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 105-і тазартылды. Қалған 10 қоқыс үйіндісі жеке аумақта орналасқан.
— Қоқысты полигонға емес, белгіленбеген жерге тастаған адамдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы бойынша жауапқа тартылады. Жеке тұлғаларға ескерту беріліп, 100 АЕК, шағын бизнес субъектілеріне 200 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 500АЕК, ал ірі бизнес субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге қоқысты тасыған автокөлік тәркіленуі мүмкін. Жыл басынан бері 619 рейд өткізіліп, 3 985 құқық бұзушылық анықталды, — деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Оның айтуынша, қоқысты жергілікті әкімдік тазартуға міндетті. Жеке шаруа, кәсіпкер өз аумағын таза ұстауы тиіс. Себебі жеке аумақтың өзінде қоқыс төгіп, жылдар бойы үйіп қоюға болмайды.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз қоқыс үйіндісін жоюға биыл 180 млн теңге бөлінді. Қала бойынша анықталған 28 үйіндінің бәрі жиналды.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбе қаласында ғарыш түсірілімі кезінде анықталған қоқыс алаңдарын тазартуға 300 млн теңге бөлінді.