Ақтөбеде заңсыз балық сатқан полицейлер сотталып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - №2 Ақтөбе қалалық сотына Ішкі істер департаменті, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бірнеше бөлім басшысы мен қызметкерлеріне қатысты сот отырысы басталды. Оларға Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» бойынша айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде заңсыз балық сатқан полицейлер сотталып жатыр

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бірнеше қызметкері бүгін сот алдына келді. Олар: Ұйымдасқан қылмыстық қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Абай Давлетов, басқарманың бөлім бастығы Самат Нұғметжанов, жедел уәкіл Нұрлан Ақаласов, аға жедел уәкіл Дәурен Калинин. Бұрынғы полиция қызметкерлеріне Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушылар Абай Давлетов, Самат Нұғметжанов, Нұрлан Ақаласов, Дәурен Калинин лауазымдық қызметтерін асыра пайдаланып, заң бұзған. 2016 жылдың қыркүйек айында Нұрлан Балқожаев базарда балық сататын Айгүл Нұрғалиевамен танысады. Ал 2017 жылдың наурыз айында сатушы Нұрғалиева жойылып кету қаупі бар, тыйым салынған балықты сататын адамдардың бар екенін Балқожаевқа хабарлады. Сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бұрынғы қызметкері Балқожаев уылдырық пен бекіре сататындар туралы ақпаратты ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Абай Давлетовке береді. Ұзақ жыл бойы ұлттық қауіпсіздік қызметкері болып жұмыс істеген Балқожаев Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Абай Давлетовпен жұмыс барысында таныс болатын. Бір-бірін танитын екі орган қызметкері пәтерде кездеседі. Олардың жанында бұрынғы полиция қызметкері Сахипов та болған. Сол күні Атауова, Балғынбаева, Бисенғалиевтен уылдырық пен бекере сатып алуға болатыны хабарланды. Пәтер ішіндегі келісімнен соң Нұрғалиева Нұрлан Балқожаев және Сахиповпен бірлесе бекіре мен уылдырық сатып алуды ұйымдастырады. Кейін қаладағы ойын-сауық кешенінің алдында заңсыз балық сатқан Несібелі Атауова ұсталады. Іс тергеуге жіберілді.

Кейін бекіре балығын заңсыз сатып жүрген Бисенғалиевті ұстау жедел шарасы өткен. Сот отырсы кезінде мемлекеттік айыптаушы, 184 келі бекіре балығын сатуға келіскен Асылбек Бисенғалиевпен кездесу өткізіліп, ұстау операциясы кезінде күдіктінің қашқаны туралы айтты. Кейін полиция қызметкерлері балық сатушыны ұстап алып, оны бопсалады. Айыптау қорытындысына сүйенсек, полиция қызметкерлері қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін 500 мың теңге сұраған. Бисенғалиев талап еткен ақшаны полиция қызметкерлеріне берді. Кейін салмағы 79 келі болатын 23 дана бекірені Балқожаевқа беріп, ол жәбірленуші Нұрғалиеваға тапсырды. Сөйтіп сатуды ұйғарды. Аяпов арқылы 20 дана бекірені сатылды. Ақшасын Сахипов Давлетовке берді. Кейін осы жолмен Балғынбаевадан 2 келі  уылдырық тәркіленді. Полиция қызметкерлері Балғынбаевадан 500 мың теңге сұрады. Уылдырық сатушы 300 мың теңге төлеп, жауапкершіліктен босатылды. 2017 жылдың сәуір айында Есет батыр көшесінде уылдырық сатқаннан түскен 70 мың теңгені алып жатқан жерінен Абай Давлетов ұсталды. Бүгінгі сот отырысы кезінде Ақтөбе қаласының прокуроры айыптау қорытындысын оқып, жәбірленуші Айгүл Нұрғалиевадан жауап алынды. Келесі сот отырсы бір аптадан соң өтеді.

Айта кетейік, айыпталушылар өздеріне тағылған айыппен түгел келіскен жоқ. Осы қылмыстық іс бойынша Марат Баев іздеуде жүр.