Ақтөбеде зерттеуді қажет ететін мәдени-тарихи ескерткіш көп – музей директоры

музей
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

Ақтөбе облысында ғұн дәуірін зерттеуге басымдық берілді. Биыл бес бағыт таңдалып, археологтар мен тарихшылар аудан, ауылда қазба, тіркеу жұмысын жүргізді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали ҚазАқпарат тілшісіне алдағы жоспары туралы айтып берді.

- Ақтөбеде биыл тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу үшін көп іс қолға алынғанын білеміз. Күз келді, қазір қазба жұмыстары аяқталды ма?

- Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту, насихаттау үшін 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Бағдарлама аясында кешенді археологиялық, этнографиялық және құнды заттарды қайта қалпына келтіру жобалары белгіленді. Ең басты бағытымыз – археологиялық зерттеу жұмыстары. Соның ішінде ғұн дәуірі, ғұн тайпаларының ескерткіштерін зерттеуге айрықша назар аудардық. Мұны қазіргі кезде жиі айтып жүрміз. Себебі соңғы 3-4 жылда ғұн дәуірінің ескерткіштері көптеп табылып жатыр. Биыл зерттеу кең көлемде атқарылды. Төрт қазба жұмысы жүргізілді. Негізгі орындаушы - Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институты. Олар Қобда, Ойыл, Әйтеке би аудандарындағы бірнеше қорымды қазды. Табылған заттар зертханаларға берілді. Жыл соңына дейін толық ғылыми есеп алынып, еңбектер жарық көреді. Екіншіден, облыста сармат дәуірі зерттеліп жатыр. Орта тас дәуіріне жататын Төлеубұлақ үңгірінің маңындағы ескерткіштер айрықша нысанаға алынды. Алдағы уақытта бұл жерді туристік орынға айналдырғымыз келеді. Қазіргі кезде сол маңдағы Орқаш қорымында қазба жұмыстары жүріп жатыр. Негізінен ескерткіштері патшалық оба болып есептеледі. Яғни, биіктігі 4 метр, диаметрі 40 метрге жуық үлкен ескерткіште институт мамандары жүр. Үшіншіден, ерте қола дәуіріне жататын Қарғалы ауданының Қосестек ауылы маңындағы Тараңғұл қонысы. Ол жерде пеште металды балқытып, өңдеген. Қазір үлкен қалашық, ауылдың орнын көруге болады. Үшінші маусымдағы қазба жұмыстарында қоныспен қатар жанында адамдар жерленген жерді де қамтып отырмыз. Төртіншіден, ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу. Ғылыми, соның ішінде жазба деректерді, халық ауыз әдебиетіндегі орта ғасырлық қалалар туралы мәліметтерді негізге ала отырып, қалаларды анықтау үшін барлау, қазба жұмысы қолға алынды. Ең біріншісі - Абат Байтақ қорымы маңындағы Қосөткел жерінде орналасқан шағын қоныс.

Бұл оншақты жыл бұрын анықталған еді. Ол жерде кірпіш күйдірілген. Сынықтары, шыңырау құдықтың ыдыстары табылды. Бәрі тікелей дерек. Бұдан бөлек Темір ауданында Алтын Орда дәуірінің үлкен мазарлары бар. Көктам жерінде қазба жұмысы жүріп жатыр. Ойсылқара тарихи-мәдени аймағында Алтын Орда дәуірінде алтын өндірілген карьер маңы зерттеледі. Ал Мұғалжар тауы ерте тас дәуірінің ескерткіштерімен белгілі. Осы тас дәуірінің ескерткіштері екіге бөлінеді. Мәдени қабатта түзілген ескерткіштер және жел, жаңбырдан жердің бетіне шығып қалатын ескерткіштер. Осындай көп ескерткішті зерттеп, табу мақсатындағы үлкен археологиялық экспедиция өз жұмысын жүргізіп жатыр. Қазан айының ішінде далалық жұмыстар толық аяқталады.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Ақтөбеде араб қарпімен жазылған құлпытастарды оқу, тіркеу жұмыстары да жүріп жатыр. Қазір жұмыс қай сатыда?

- Бұл этнография бағытындағы жұмыстар. Араб графикасымен жазылған құлпытастарды зерттеу, ғылыми айналымға енгізу бойынша көп іс тындырылды. Үшінші маусымның өзінде біз 7 ауданның территориясын ғана қарап, зерттеп шығардық. Байғанин, Шалқар, Әйтеке би, Мұғалжар аудандары келесі жылғы жоспарда. Негізгі мақсат құлпытастардың бәрін тіркеп, аударып, үлкен ғылыми каталог шығару. Себебі фотосын жіберіп, «арабша жазылған, кім аударады» деп сұрайды. Кейде маман бар, бірақ тиісті білімі мен білігі болмаған соң дұрыс аудармайды. Қазір бізде музейдің және Ш.Уәлиханов атындағы тарихи институт мамандары зерттеу жасап жатыр. Қазақша, бірақ төте немесе шағатай жазуы бар құлпытастар жинақталып, картасы жасалады. Қай жерде, кімнің жерленгенін білуге мүмкіндік туады. Каталог ендігі 2-3 жылда қолжетімді болады.

 

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Аудан, ауыл-аймақты зерттеу жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Осы тұста ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалған аумақ бар ма ?

- Иә, енді шекаралық аймақтағы ескерткіштерді зерттеу маңызды. Екі ел келісіміне байланысты территориядан 25-30 шақырымға дейінгі жерге кіруге болмайды. Арнайы рұқсат алып кіріп, Орынбор территориясына дейінгі жерлердегі ескерткіштерді алғаш рет тіркеп шықтық. Мұны бастап шыққан тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров болатын. Этнографиялық экспедиция жүргізді, Қобда мен Мәртөк аудандарының территориясында болды. Келесі жылы Хромтау, Әйтеке би, Қарғалы аудандарындағы шекаралас аймақтар зерттеледі. Бұл ескерткіштер де алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізіледі.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Бір жылда бірнеше кезеңді қамтитын жан-жақты зерттеу жүргізіліп жатыр. Қандай құнды дүние табылды ?


- 2018 жылы кездейсоқ археологиялық олжа табылды. Елек-1 жерінде жұмысшылар алтын бұйымдарды көріп қалған. Біріншіден, оның ғұн дәуірінің ескерткіші екені анықталды. Екіншіден, онда көсем жерленген. Жауынгердің киімі, ат әбзелдері қазір қалпына келтіріліп жатыр. Ғылыми қалпына келтіру жұмысы қараша айында толық аяқталады. Жауынгердің киім-кешегі, жылқысы мен ат әбзелдері жасалады. Үлкен тәжірибе бар. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында реставрациямен айналысатын үлкен институт ғалымы қазір Ақтөбеде жұмыс істеп жатыр. Жұмыс нәтижесі қараша айының 23-25 күндері өтетін халықаралық ғылыми конференцияда айталады.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі
Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі
Музей
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Таяуда композитор Илья Жақанов келіп Тәңірберген Молдабайдың жерленген жерін көрсетті. Мәртөк ауданында екен. Бұл рас па?

- Кейде сөйтіп көрсетіп кетеді. Құлпытасы табылса жақсы. Бірақ нақты ғылыми зерттеу жұмыстары керек-ақ. Танымал адамдар да қателеседі. Тіпті сол жерді 20 жыл бұрын көрсетсе, арада өткен 20 жылда жердің бедері өзгереді. Қатты өзгереді. Оған дәлеліміз бар. Әбілқайыр хан қорымын зерттеген кезде 1979 жылы Әбіш Кекілбаев келіп, анықтап кетеді. Ол кезде ауыл ақсақалдары тірі болған, нақты көрсеткен. 2011 жылы барған кезде «жер бедері қатты өзгеріп кеткен екен» деді. Сонда арада 30 жыл өтті. Соңғысында жобалап қана айтты. Қазіргі кезде дөп басу қиын, зерттеу жұмысы керек.

- Әңгімемізді осы бағытта өрбітсек... Әйтеке би ауданының шалғай ауылында орналасқан Хан қорымына адамдар бара ма ?

- Биыл Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай ғылыми конференция өтеді. Қорым аумағы қоршалды. Шырақшының үйі бар. Кесенесіне биыл жөндеу жасалды. Кесене Әйтеке би ауданы Толыбай ауылынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Адамдар арнайы барады. Былтыр 800-дей адам барған. Көбі Қостанай жағынан. 330 жылдығына орай бізде материалдар жинағы шығады. Сонымен бірге Бопай ханым жерленген жерден топырақ әкелдік. Соны Хан моласына апарып саламыз. Бопай ханым Ресейдің әскери полигоны аумағына жерленген. Ол жаққа кіру мүмкін емес. Келісімнің арқасында бір уыс топырағын алу сәті түсті. Соны апарамыз.

Музей
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

 

- Тарихта тағы бір Бопай ханым бар. Кенесарының қарындасы жерленген жер де Ақтөбе облысында деп айтылады...

- Кенесарының қарындасы Бопай ханым жерленген жер болуы мүмкін деген бейіт бар. Ол саманнан салынған төмпешік. Халық Бопай деп есептейді. Нақты айту қиын. Ондай ескерткіштер көп өңірде. Дәлелдеуі қиын ескерткіштер. Әрине, жанама деректер бар. Мәселен Кілемжайған жер атауы, Бопайдың осында келуі. Біреулер ХХ ғасырдың соңында құлпытас қойып кеткен. Әзірге мойнына алып, зерттеуді бастап жатқан ғалым жоқ.

- Зерттеуді қажет ететін тағы қандай ескерткіштеріміз бар ?

- Доңызтау өңірінде ХVIII-XIX ғасырлардың ескерткіштері бар. Ауылдан алыста болған соң жақсы сақталған. Кейбірі желдің, жаңбырдың әсерінен құлай бастаған. Ең бірінші мақсат толық зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп, қалпына келтіру. Жойылып кету қаупі бар Қызылтам ескертшкіші де бар. Бір ғана жары қалып еді. Биыл археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ор бойында Көкмешіт, Ырғызда Алмат тамы да бар. Шалқарда Оңалбек ата кесенесін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Балғасын кешенінің тек іргетасы қалған. Бізге жетпеді. Толық қалпына келтіру үшін зерттеу керек. Қазба жұмысын жүргізсек, консервациялау керек. 2022 жылы Едіге жалы зерттелді. Едіге әмір жерленді деген болжам болды. Қазба жұмысы жүргізілді. Сол дәуірдің ескерткіші. Қазіргі Абат Байтақ кесенесіне ұқсас. Бір метрдей жары толығымен сақтаулы. Қазылды. Ішінен алты сүйек табылды. Антропологиялық зерттеу бойынша алты сүйектің үшеуі сәби. Үш ересек адамның негізгі ортасында жатқаны 18-20 жастағы жігіт, одан кейін 17 астағы бозбала, бұрышта қарапайым жерленгені жасы 50-ге келіп қалған ер адам. Сұрақ көп. Ол ескерткішке алдағы уақытта консервациялау жұмысы жүргізіледі. Жоспар бар. Ғылыми смета жасалып жатыр.

Музей
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

 

- Ғұн дәуірі ескерткіштеріне қайта оралсақ... Биыл бұл бағытқа неге басымдық берілді ?

- Ғұн дәуірі соңынан қосылған кезең. Ақтөбеде бұрын соңды арнайы ескерткіштері табылмады. Біз сармат дәуірінің ескерткіштерін көзбен көріп кетеміз, ал ғұн дәуірінің ескерткіштерін байқамаймыз. Себебі олар көбіне биікте емес, жасырын жерленген. Қазір технология дамыған. Спутник арқылы түсірілімін аламыз. Осы мүмкіндіктен соң ескерткіштердің көп шоғырланған жері Ақтөбе өңірі екені белгілі. Ғұндардың бірінші толқыны ең ерте дегенде Моңғолия, Шығыс Қазақстан территориясынан І ғасырдың соңында қозғалады. Біздің территорияда ІІ ғасырдың басындағы ескерткіштері бар. Одан кейін 150-200 жыл осы жерде күш жинайды. Күш жинап барып, IV ғасырдың екінші жартысында Еуропаға аттанады. Одан кейін ғұндардың негізгі тобы өзінің жері деп есептеген Қазақстанның батыс өңіріне қайтып келді. Себебі IV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың басына жататын ескерткіш бізден табылды. Елек-1-дегі ескерткіш сол IV ғасырдың аяғына жатады. Еуропадағы бағалы металл өңдеу әдісін осы жерден көреміз. Үйреген, бәлкім шеберлерді алып келген. Нақтысы зерттеу кезінде анықталады.


- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар