Ақтөбеде жағымсыз иісті басып отырған мердігер атқарған жұмыс ақысын әкімдіктен өндірді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облыстық сотында «Техносервис» ЖШС-нің өтініші қаралды. Компания қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен 110 млн теңгеден астам қаржыны өндіріп алды.

Іс материалына сүйсенсек, «Техносервис» ЖШС-і Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі келісімшарт аясында атқарған жұмыс ақысын төлемегенін айтып, сотқа шағым түсірді. Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мамыр айында арызды қанағаттандырмады. Апелляциялық шағым кезінде алғашқы сот шешімін жоққа шығарып, жаңа қаулы шығаруды сұрады. Сот отырысы кезінде «Техносервис» ЖШС-і атқарған жұмысы жөнінде құжатты ұсынып, жауап берушінің актке қол қоймай жүргенін айтты.
Айтып өтейік, 2024 жылы мердігер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арасында 344 848 000 теңгенің келісімшартына қол қойылады. Келісім бойынша мердігер Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иісті басу үшін кәріз жүйесіне техникалық қызмет көрсетуі, оған биологиялық материал тасымалдап, құюы тиіс. Екі акт бойынша 99 240 221 теңге төленді. Ал қалған үш акт қабылданбады. Тапсырыс беруші Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бюджет қаржысын тиімді пайдалану ұйғарымынан соң осындай қадамға барғанын айтып, түсіндірді. Тіпті департаменттің ескертуінен соң тапсырыс беруші жолды шектеп, мердігер кәріз құдықтарына жете алмаған.
Ақтөбе облыстық соты Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімін өзгертіп, «Техносервис» ЖШС-нің арызы ішінара қанағаттандырылды. Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен «Техносервис» ЖШС пайдасына 110 980 598 теңге өндірілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді және 6 айда кассациялық сотқа шағым түсіре алады.
Айта кетейік, Ақтөбедегі кәріз-сорғы стансасының тозу көрсеткіші 70% жетіп тұр. Сол себепті құны 53,5 млрд теңге болатын Кәріз-сорғы стансасының құрылысы 2026-2027 жылдарға жоспарланған.