Ақтөбеде жалған фирмалар арқылы қаржы жымқырғандар сотталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жалған фирмалар арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырғандар бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі жыл бойы нақты жұмыс істемеген, тауар жеткізбестен жалған шот-фактуралар жазып берген бір топ адам қылмыстық жауапқа тартылды. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2015 жылы екі ақтөбелік бірнеше кәсіпорын құрып, заңды тұлғаны тіркеу процедураларынан өтіп, екінші деңгейлі банктерде есепшоттар ашқан. Кейін өз атына тіркеген. Содан кейін олар өздерінің жалған фирмалар арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын контрагенттерді іздеумен айналысқан.
«Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 492,6 млн теңгені құрайды және қазіргі уақытта өтелді. Тергеу барысында арнайы құрылған ЖШС-нің банктік шоттарындағы 7,3 млн теңге сомасындағы қаржыға тыйым салынды. Ақтөбе қаласының №2 соты қылмыс жасағандарды шартты түрде 3 жыл және алты айға соттады», - деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.