Ақтөбеде жаңа асфальттың қақ ортасында электр бағанасы қалып қойған
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы Үмбетей жырау көшесіне асфальт төселгенімен, электр бағанасы қақ ортада тұр. Тұрғындар жол-көлік апатының алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасы етуді талап етті.
Ақтөбе қаласындағы тұрғын алаптарда жол салу, жөндеу жұмыстарының кейбірі сапасыз болып, іс сотқа жетіп жатыр. Соның бірі — Үмбетей жырау көшесі жобасы. Мемлекетік сатып алу конкурсы арқылы «Жерұйық консалтинг» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Мердігер 3 800 метр жолдың 1 600 метрін салды. Бірінші қабатын төсегенде жол зертханасы, техникалық бақылау бұзушылықтарды анықтады.
— Бас мердігер былтыр инженерлік желілерді қайта орналастыру және асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстарын жүргізді. Алайда жұмыс толық аяқталмады. Бекітілген кестеден кешіккен соң іс сотқа жіберіліп, келісімшарт бұзылды. Сөйтіп «Жерұйық консалтинг» ЖШС жосықсыз деп танылды. Кейін мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта жарияланды. Жаңа мердігер бағаналарды алып, орнын ауыстырады. Кейін жолдың үзілген бөлігіне асфальт төсейді, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа келісімшартқа сәйкес жол құрылысын «Ақтөбе контрашн» ЖШС-і аяқтайды. Жаңбыр жауып, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Ал қалалық әкімдік қауіпті аумаққа түнде жанатын белгі орнатылғанын жеткізді.
Айта кетейік, Ақтөбеде жол жөндеу жұмыстарына биыл 70 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады.