Ақтөбеде жаңа саябаққа жеміс ағашы егілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік қызметкерлер Энергияүнемдеу орталығы ғимараты маңына 500 түп алма, алмұрт және өрік ағашының көшетін екті. Алда уақытта мұнда 1500 түп жөке және үйеңкі ағашы отырғызылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жаңа саябаққа жеміс ағашы егілді

«Алма мен өрік біздің климаттық жағдайға толығымен бейімделген, жергілікті тәлімбақтарда өсірілген. Көктемде қала бойынша 200 мыңға жуық емен, үйеңкі, жөке және тағы да басқа қылқанжапырақ отырғызамыз. Тағы 200 мың көшет қаладағы жасыл белдеуді толықтырады»,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев.

Кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Нұр Ақтөбе» ықшамауданындағы тұрғындармен сөйлесті.

«Жуық арада мұнда 200 мыңға жуық адам тұратын болады. Бұған барлық инфрақұрылым есептелген. Мектеп, балабақша салуды, жолдарды жөндеуді жалғастырамыз. Жақында үйге жылу, газ, су, жарық беру кезінде қуат көзін үнемдейтін Электр үнемдеу орталығын пайдалануға береміз. Барлық үйлердің кіреберісіне, аулаларға камера орнатамыз. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың жолын кесу үшін осы орталықтан бақылап отыратын болады. Ғимараттың бір қанатында «Халықтық кеңсе» орналасады. Тұрғын үй алабын көгалдандыру маңызды. Бүгін егілген бақ 3-4 жылдан кейін аудан тұрғындарының жақсы демалыс орнына айналады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысымен кездескен ауыл тұрғындары егілген көшеттерге күтім жасауға уәде берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы жол салу, жөндеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, облыс әкімі қазақтың ұлы қолбасшысы Бөгенбай батыр ескерткіші салынып жатқан алаңды тексерді.

null

«Қоладан құйылған және гранит тұғырдан тұратын ескерткіштің жалпы биіктігі 16 метрден асады. Бағасы шамамен 150 миллион теңгені құрайды. Ескерткіштің артқы жағында Бөгенбай батыр мен Әбілқайыр ханның басшылығымен Үш жүздің әскерінің біріккенін бейнелейтін көркем көрініс орналасады. Тағы бір ерекшелігі - батырдың қолында қару емес, Қарақұмда ұйымдастырылған тарихи құрылтайдағы қазақ әскерінің жалауы болады», - деді ескерткішті салу жөніндегі Қоғамдық кеңестің басшысы Мәлік Жекеев.