Ақтөбеде жаппай төбелеске қатысқан 10 айыпталушы сот алдында жауап береді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде жастар арасында болған жаппай төбелес кезінде біреуі көз жұмып, істе 10 күдіктіге айып тағылды. Сот келер аптада басталады.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті өткен жылы мамыр айында болған қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдады. Іс материалына сүйенсек, екі топ өзара төбелеседі. Төбелес кезінде пышақ та, атыс қаруы да пайдаланылған. Салдарынан кәмелетке толмаған бір бала көз жұмды, 8-і ауруханаға түсті.
- Марқұмды автокөлікпен қағып, оған көптеген пышақ жарақатын салған. Тергеуді облыс прокуратурасы бақылауға алып, процестік прокурорлар тобы тағайындалды. Полиция қызметкерлері жедел түрде қылмысқа қатысы бар 10 күдіктіні ұстап, олар уақытша ұстау абақтасына қамалды. Оларға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасы.
Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің 194 бабы 2 бөлігі 2 тармағы (Адамдар тобымен қорқытпы алу), 28 бабы 3 бөлігі, 99 бабының 2 бөлігінің 1, 6, 7, 8, 9 тармақтары ( Екі немесе одан да көп адам, қауіпті тәсілмен жасалған, қорқытып алумен ұштасқан, бұзақылық ниетпен адам өлтіру), 99 бабы 2 бөлігінің 1,5,7,9,14 тармақтары ( Екі немесе одан көп адам аса қатыгездікпен жасалған, адамдар тобымен, бұзақылық ниетпен, кәмелетке толмаған адамды өлтіру) баптары бойынша 10 айыпталушыға қатысты іс түсті. Іс 14 наурыз күні Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады.
Еске салсақ, 28 мамыр күні Ақтөбе қаласының құрылған күні өтті. Сол күні түнде 18-22 жас аралығындағы жігіттер арасында жаппай төбелес болды. Төбелестің негізгі себебі айтылмады.