Ақтөбеде жарамсыз күйге түскен бомбапананы кім жөндеуі тиіс

Ақтөбе қаласындағы «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС бір қиындықты әлі жеңе алмай келеді. Компанияның балансында төтенше жағдай кезінде қорғанатын бомбапана бар. Нысан 1985 жылы салынған. Осы жылдар ішінде ол кәдеге жарамайтын күйге жеткен. Шын мәнінде, қорғану орны компанияның әкімшілік ғимаратының жертөлесінде орналасқан. Соңғы жылдары оған толған судың тереңдігі 2,18 метрге жетті. Күн өткен сайын ғимарат қабырғалары сөгіле бастады.
«Өндіріс орны үнемі жиналған суды сорып, тазартады. Бірақ көктем және күзгі мезгілде жерасты суы көтеріліп кетеді. Қабырғаларды сыз басып, ылғал ғимаратты жайлап алды. Желдеткіш құрылғылары, су, кәріз құбыры іске аспай қалды. Бұл жер адам қорғанатын орын болмай барады. Ешқандай санитарлық талапқа сай емес. Нысанды қайта қалпына келтіру үшін 400 миллион теңгеге жуық қаржы қажет. Ал компанияда мұндай қаражат жоқ. Ақтөбе қаласының әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар департаментіне тізімнен алып тастау туралы бірнеше рет өтініш жазылды»,- деді кәсіпкер Қанат Тапаев.
Кәсіпкер жарылғыш заттан қорғанатын орынды техникалық тексеруден өткізіп, оның жарамсыз екенін растайтын құжатты алған. Тіпті, бомбапананы мемлекетке тегін беруге дайын.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің 2014 жылғы жарлығын негізге алып отырмыз. Онда азаматтық қорғану орындарының техникалық жағдайы талапқа сай келмесе тізімнен алуға болатыны жазылған. Біз кәсіпкер құқығын қорғау жұмыстарын жалғастырамыз»,- деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұрлан Махамбетов.
Айта кетейік, Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жерасты қорғану нысанын қалпына келтіріп, кейін мемлекетке қайтаруға болатынын айтты. Бірақ кәсіпкер қалпына келтіру жұмыстарынан соң оны мемлекетке беру шығынды жұмыс деп отыр. Қазір бұл сұрақ әлі талқыланып жатыр. Стратегиялық аймақтың қай уақытта қайта қалпына келтірілетіні, оған кім қаржы бөлетіні әлі белгісіз. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер арасында мұндай мәселе бірінші рет туындап отырғанын жасырмады.