Ақтөбеде жарылған жылу құбыры жөнделді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қала орталығындағы құбырды дәнекерлеу жұмысы түнде аяқталып, іске қосылды. Қазір барлық үйде жылу бар.

Ақтөбе қаласының орталығында жылу құбыры жарылды
Фото: «Aqtobe su-energy» АҚ-ның баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласы Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы жөндеу жұмыстары 5 сағатқа созылды.

— Мұндай диаметрдегі магистральдық құбырды жөндеу нормативі орта есеппен 12-15 сағатты құрайды. Дәнекерлеу жұмыстары сағат 21:00–01:00 аралығында жүргізілді. Одан кейін бір сағатта магистральдық құбырды толтыру жұмысы атқарылды. Түнгі 02:00–де жылу берілді. Шектеу кезінде тұрғын үйлер салқындап үлгерген жоқ. Сумен жабдықтау штаттық режимде іске асты, — деді «Aqtobe su-energy» АҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі орталық жетекшісі, баспасөз хатшысы Ляззат Құдайбергенова.

Еске салсақ, құбыр жарылған кезде Ақтөбе қаласындағы Индустриальная көшесінде орналасқан балабақша, Әлия Молдағұлова даңғылындағы № 3, 5, 7, 9, 11, 13 және Тілепбергенов көшесіндегі № 78, 80, Әбілқайыр хан даңғылындағы № 69 үйлерге жылу беру уақытша тоқтады. Жөндеуге барлығы 27 қызметкер жұмылды. Мұндай апатты жағдай қалада биыл бірінші рет тіркеліп тұр.

Соңғы жаңалықтар