Ақтөбеде жас ақындар айтысы өтті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы Наурыз мерекесіне орай «Жыл басы - Наурыз» атты айтыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұйымдастырушылар салт-дәстүріді ұлықтау, айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету, еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табысы мен құндылықтарын, сондай-ақ облыстағы айтыс мектебінің шығармашылық әлеуетін насихаттауды мақсат етті. Айтыскерлердің өнерін белгілі ақын Оралбай Кәметия және облыстық мәслихат депутаты Жұлдыз Қожабекова бастаған қазылар алқасы бағалады. Жыр жарысын ақын, облыстық халық шығармашылығы орталығы жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Марат Ахметов жүргізіп отырды.
«Жыл басы – Наурыз» тақырыбындағы жыр бәйгесіне Жаңажол Мұқанов, Злиқа Наурызалина, Нұрбол Жауынбаев, Асылбек Әбдірахман, Шынарбек Тұрсынұлы, Ұлжан Әшір, Рахметолла Жұбаналы (Алға ауданы), Самғар Орынбай, Наурызбек Әбілқасымов (Мәртөк ауданы), Сағыныш Смет, Айболат Көшкінбай, Арай Нұрадин сынды жас ақындар қатысып, көрерменге әсерлі айтыс сыйлады. Ақындар Наурыз мерекесі мен салт-дәстүрімізді арқау етті. Жастардың айтысы көпшіліктің көңілінен шықты», - деді Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.
Барлығы 12 жас ақын қатысқан өнер бәсекесінде Нұрбол Жауынбаев
бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Злиқа Наурызалина, екінші орынды Асылбек Әбдірахман мен Шынарбек Тұрсынұлы, ал үшінші орынды Наурызбек Әбілқасымов (Мәртөк ауданы) және Арай Нұрадин еншіледі.
Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды.