Ақтөбеде жас ана бауыры ауыратын жеті айлық сәбиіне донор іздейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Туа бітті дертке шалдыққан Ерсұлтан Русланға бауыр ауыстыру отасын жасау керек. Бірақ арада 7 ай өткенімен донор табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жас ана бауыры ауыратын жеті айлық сәбиіне донор іздейді

Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында бірнеше ай бойы ем қабылдап жатқан Ерсұлтан Русланның анасы бүгін қазақстандықтардан көмек сұрады. Үш баласының кенжесі Ерсұлтан Руслан туа бітті дертке шалдығып, дәрігерлер «жедел бауыр ауыстыру отасын жасау керек» деп шешімге келді. Бірақ анасының, әкесінің бауыры балаға сәйкес келмеді. Ал туған-туыстары батыл қадамға барып, көмек көрсетуге құлықсыз.

«Баламның өміріне араша түсетін мейірімді адамдар табылар деп көмек сұрап отырмын. Мен әрбір күнімді қорқынышпен өткізіп жүрмін. Ешкімге кінә артпаймын, дәрігерлер де қолдан келер көмегін беріп, тегін дәрімен қамтамасыз етіп отыр. Өкініштісі менің, әкесінің бауыры балаға сай келмеді. Мәйіттік донорды күтеміз, бірақ оның қай уақытта болатынын білмейміз. Халықтан көмек сұраймын, бәлкім мейірімді адамдар бауырының бір бөлшегін берер деп ойлаймын», - деді жас ана Шынар Қоштанбекова.

Қазір 7 ай бойы ем қабылдап жатқан Ерсұлтан Руслан арнайы күтімге алынған. Бауыр трансплантациясын жүргізуге қажетті алғашқы ота да жасалды. Сәби республикалық ресстрге тіркеліп, арнайы анализдері алынды.

«Бала маусым айынан бері арнайы есепте тұр. Ол туа бітті дертке шалдыққан. Бауыр церрозы дертіне шалдыққан балаға ем жүргізілді, бірақ нәтиже жоқ. Сондықтан сәбидің бауырын ауыстыру керек деп шешім шығарылды. Қазір бала республикалық реестрге тіркелді. Анасы мен әкесінің бауыры сәйкес келмей қалды. Балаға үлкен адамдардың бауырын салуға болады. Кейін бауыр өсіп шығады»,- деді Гүлжан Төлегенова.

Айта кетейік, бауыр ауруы екіге бөлінеді. Бауыр сыртындағы дертті емдеу дәрігерлер үшін жеңіл. Ал бауыр ішіндегі жолдарды ашу қиын. Кішкентай Ерсұлтанда бауыр іші ауруы тіркелді. Міндетті түрде трансплантация жасалуы тиіс. Анасы Шынар Қоштанбекованың айтуынаша, сәбидің дамуы жақсы. Тек іші ауырып, қызуы көтеріліп, жылайды.

«Балам жылаған кезде жанымды қоярға жер таппаймын. Қазақстандықтардан көмек сұраймын. Егер айтып, көмек сұрамасым мейірімді жан табылып, көмегін берер деп үміттенемін. Бос отырып, жылаудан шаршадым»,- деді Шынар Қоштанбекова.