Ақтөбеде жас балуанның өліміне қатысты іс бойынша қайта сараптама тағайындалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция Рахымжан Елепбергеновтің өліміне қатысты істің мән-жайын анықтау үшін қайта сараптама өткізіп жатыр. Қорытындысы белгілі болған соң ғана шешім қабылданады.

Сараптама
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жас балуан Рахымжан Елепбергеновтің өліміне қатысты істі қылмыстық құқық бұзушылық болмады деп тоқтатқан еді. Ата-анасының шағымынан соң қайта сараптама тағайындалды. 

— Қазіргі кезде сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысынан соң ғана шешім қабылданады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жас балуан Рахымжан Елепбергенов Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Родниковка ауылындағы мектепте оқып, қазақ күресінен үйірмеге қатысқан. Былтыр қазан айында Ақтөбе қаласындағы оқу-жаттығу жиынына келеді. Сол кезде қарсыласы жамбасқа лақтырып, жас балуан басын ұстап, бұрышта жатып қалады. Бірнеше минут өткеннен кейін жаттықтырушы орнынан күштеп тұрғызады. Есін жимаған соң далаға алып шығады, жедел жәрдем шақырады. Анасы Гүлдерай Гадилшинаның айтуынша, алдымен қалалық ауруханаға апарып, онда нейрохирургия бөлімі болмады. Кейін облыстық балалар ауруханасы тасымалдап, бірнеше рет ота жасалғанымен, жас балуан 61 күннен кейін көз жұмды. Ата-анасы жұмысына салғырт қараған жаттықтырушының жазаланғанын сұрап отыр. 

Соңғы жаңалықтар