Ақтөбеде жас мамандар форумы өтіп жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге еліміздің батыс өңірінің және Қызылорда мен Қостанайдың жастары жиналды. Жастар кәсіп бастау, ерікті болу тетіктерін үйренді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде «Бәсекеге қабілетті жас маман - жарқын болашақ кепілі» атты өңірлік жас мамандар форумы өтіп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда адами капитал туралы айтып, тегін техникалық білім беру, кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасын берген болатын. Форум өңір жастары үшін тәжірибе алмасу алаңына айналып, олар кәсіп бастау, инновациялық технологияны игеру, ғылымды дамыту, білімді жетілдіру, еріктілердің жұмысы мен белсенділікті арттыруды үйренді. Жастар өзара байланыс орнатты.
«Жас маманға бағыт-бағдар беру үшін форумға әр өңірдің белсенді азаматтары шақырылды. Әр мемлекеттің болашағы - жастар, жас мамандар. Сондықтан жастар алдымен мамандық таңдауда қателік жібермеуі тиіс. Мамандық адамға ұнағанда ғана жұмыс табысты болады. Жұмысқа ынтамен барып, үлкен мақсаттарға жету маңызды. Ал жақсы маман болуы үшін жауапкершілік керек. Жұмыста бәрі жауапкершілікке байланысты. Маман уақытпен санаспай жұмыс істеп, тапсырманы тиянақты орындағаны дұрыс. Сонда ғана басшы өз жұмысшысын бағалайды»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұғалиев.
Жастармен кездесу кезінде үнемі білімді жетілдіру, заманауи технологияны игеру, ақпараттың қажеттісін пайдаланып, уақытты тиімді ұйымдастыру туралы айтылды.
Жастар ерікті болу, адамдарға өз еркіңмен көмек көрсетіп, қайырымдылық істерге араласу туралы сауал қойды. Ақтөбеге келген «ЕХРО-2017» штабының менеджері Ляйля Али «ҚР еріктілер қозғалысын дамытудың негізгі бағыттары» тақырыбын қамтыды.
«ЭКСПО көрмесіне келіп, байланыс орнатқан азаматтардан Қазақстан жастары туралы сұрадым. Шетелдіктер қазақстандық жастардың тілді тез меңгеретінін, екі тілді қатар білетінімізді ерекше атап өтеді. Біздер үшін аймақтарда өтетін форум аса маңызды. Аймақ жастары өзара араласып, бір елде өмір сүретінімізді, бір қоғамда жүргенімізді нақты біледі. Олар форумда білгенін замандастарына айтып, оларды ынталандырады»,- деді ерікті Ляйла Али.
Форум кезінде бизнесті дамыту менеджері Данияр Түлеков кәсіпкерлік, шешендік өнер жаттықтырушысы Ляйла Исламова «Шешендік өнер және сыни ойлау», «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева «БАҚ-пен қалай жұмыс істеу керек» тақыбырын қамтыды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы тұрғындарының 26 пайызы жастар. Жастардың басым бөлігі қалада тұрады. Ақтөбе облысының әкімдігі спорт, мәдениет, білім саласында белсенділік танытып, жетістікке жеткен жастарды жыл сайын марапаттайды. Арнайы стипендия да тағайындалып, 285 студент оқу ақысын төлеуге мүмкіндік алды.
«Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламалары аясында жастар жұмысқа орналасып жатыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 300-ден астам жас еңбек жолын ауылдан бастады.