10:45, 30 Шілде 2015 | GMT +6
Ақтөбеде «Жас отбасылар үшін баспана» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 10 тамызда Ақтөбе қаласында жас отбасылардан «Нұр Ақтөбе» жаңа шағынауданында «Жас отбасылар үшін баспана» бағдарламасы бойынша пәтерлер алу үшін құжаттарды қабылдау басталады.
Бағдарламаға жасы 29-дан аспаған, некесі қиылғанына екі жылдан кем емес отбасылық жұптар қатыса алады.
Бұл - бағдарламаның үшінші кезеңі. Осы жолы жас отбасылар үшін «Нұр Ақтөбе» шағынауданында 234 пәтер бөлінген. Алдағы екі кезеңде оларға 216 пәтер бөлінген еді. Үйді пайдалануға беру мерзімі - 2015 жылдың желтоқсан айы.
Құжаттар тапсырылғаннан кейін 30 күннің ішінде комиссия оларды қарастырып, балл санын есептейді. Одан кейін «Қазақстанның тұрғын құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалы үйді алу кандидаттарының төлеу қабілеттілігін тексереді.
Үміткерлердің тізімі әдеттегідей Ақтөбе қаласы әкімдігінің сайтында орналастырылады.