Ақтөбеде жасөспірімдерге алкоголь сатқан дүкен иесі жауапқа тартылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе полициясы дүкен иесін әкімшілік жауапқа тартып, лицензиясынан уақытша айырды.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы кәмелетке толмағандарға ішімдік сатқан сатушы мен дүкен иелерін анықтап жүр. Ақтөбе қаласындағы Бөкенбай батыр көшесінде орналасқан «Сәт» дүкені бір емес, екі рет ескерту алды. Алғашқысында сатушы қателігін мойындағанымен, арада бір ай өткенде дәл сол бұзушылық қайталанды.
– Кәмелетке толмағандарға ішімдік сату жай ғана заңбұзушылық емес, бұл – жауапкершіліктен бас тарту. Адамдар бейжай болса ешқандай тексеріс те, айыппұл да көмектеспейді. Мәселенің шешімі – ортақ күш-жігеріміз, - деді «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының мүшесі Полина Рожкова.

Жастардың айтуынша, дүкен иесі өз қателігін түсініп, кешірім сұрамаған. Керісінше ашуланып, балағаттаған. Бейнежазбаны полицияға тапсырды.
– Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік істі тіркеді. Дүкен иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабы, яғни «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» бойынша ішімдік сату лицензиясынан бір айға айырылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысының баспасөз қызметі кәсіпкерлер мен қала тұрғындары арасындағы жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған рейд жалғасады.
Еске салсақ, «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы бұған дейін теңізді қорғау мақсатында жағалаудағы елдерге үндеу жолдады.