Ақтөбеде Жастар саясаты мәселелері басқармасы құрылып, басшысы тағайындалды

басқармасы
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасына Мирхан Ермағанбетов тағайындалды.

Ақтөбе облысында тағы бір тағайындау болды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Мирхан Ермағанбетов Ақтөбе облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Ол 1991 жылы Хромтау ауданында дүниеге келген. 2012 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. 

Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері болып бастап, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы, Қазақ инженерлік-техникалық академиясының Тілдерді дамыту орталығының директоры болып жасаған. 

2015-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сарапшысы, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің бас сарапшысы, Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы қызметтерін атқарған.

 2019-2020 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы болып жасаған.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Соңғы жаңалықтар