Ақтөбеде жазасын өтеушілер нан пісіріп, жиһаз жасап сатады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында жазасын өтеушілер тәулігіне 1 мың бөлке нан пісіріп, 1 мың дана қолғап тігіп жатыр. Сондай-ақ жиһаз жасап, сатуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қылмыстық атқару жүйесінің КА-168/2 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылған. Қазір түзету мекемесінде наубайхана жұмыс істеп тұр. Мұнда тәулігіне 1 мың бөлке нан пісіріледі. Барлығы 13 жазасын өтеуші жұмыс істеп, жалақы алып отыр.

«Наубайханада арнайы пеш бар. Жұмыс үздіксіз жүреді, сұраныс жоғары. Барлығы 13 адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Пештен шыққан нан ыссы күйінде түзету мекемелеріне жеткізіледі. Жұмысшылардың жалақылары 35-40 теңге аралығында деп бекітілген. Ақша олардың арнайы депозит шотына аударылады. Сонымен қатар, мекемеде дүкен бар. Жаза өтеушілер өздеріне қажетті заттарын сатып алады. Аспаздық жазасын өтеушілердің қолынан келетін жалғыз іс емес. Мұнда ағаш өңдеу цехы да бар. Сандық, бесік жасап, шахмат тақтасын да дайындайды. Құрылыс жұмыстарының кез келгенін атқаруға мүмкіндік бар. Цехта 15 жұмысшы еңбек етеді», - деді КА-168/2 мекемесі бастығының орынбасары Виктор Ерохин. Цехқа жеке кәсіпкер Н.Марчук иелік етеді. Мұнда қолғап та тігіледі. Сұраныс бойынша күніне 1 мың дана жұмыс қолғабы дайындалады. Алдағы уақытта күніне 2000-2500 қолғап шығару жоспарда бар.
null

«Тігін цехында 40 тігін машинасы бар. Мұнда арнайы киімдерге тапсырыс беруге болады. Негізгі жаза өтеушілерге жұмыс беруші - «Еңбек-Ақтөбе» РМК-ның филиалы. Өндіріс аумағында орналасқан цехта 11 сотталған адам темір бұйымдарын шығарумен айналысады. Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы бойынша қоқыс шығаратын жәшіктері жасалып жатыр. Түрме қапасына қамалса да жазасын өтеушілердің жұмысқа деген құлшынысы зор»,- дейді мекеме бастығының міндетін атқарушы Байхат Қазбағамбетов.

Айта кетейік, КА-168/2 мекемесінде 400-ден астам адам жазасын өтеп отырса, оның 165-і жұмыс істейді. Етікші, шаштараз, кітапханашы, қоймашы, арнайы киімдерді жуушы, монша жағушы, қызметтік бөлмелерді жинап, тазалаушы да жұмыс істеп, ай сайын жалақы алып отыр.

Соңғы жаңалықтар