Ақтөбеде жедел жәрдем қызметі байланыс аясынан тыс болып қалды
Ақтөбе облысы бойынша жедел жәрдемнің 103 нөмірі істемей тұр. Екі күн бойы бір қосылып, бір ажырап, тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды Kazinform.
Жедел жәрдем қызметіндегі интернеттің үзілуі 5-қаңтар сағат 21:27-ден басталды. Сағат 01:40-да қайта қалпына келтірілгенімен, 6-қаңтар күні сағат 17:25-те қайта сөнді.
Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының әкімшілігі интернеттің және 103 телефон нөмірінің ажыратылуына байланысты тұрғындарға хабарлама таратты.
- Жедел жәрдем шақырту үшін уақытша 112 нөміріне, сондай-ақ Call-орталықтың 109 номеріне қоңырау шалуды сұрайды. "Транстелеком" АҚ мамандары желіде пайда болған ақауды жою үшін жұмыс жасап жатыр. Жедел медициналық көмек станциясының басшылығы осы жағдай бойынша кешірім сұрайды, - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.