Ақтөбеде жедел жәрдем көліктерінің бірінші санаттағы шақыртуларын онлайн бақылауға болады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Рентген, КТ және МРТ қорытындысы PACS жүйесі арқылы талданады. «Яндекс. Карталар» арқылы бірінші санаттағы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысы бақыланады.

Ақтөбеде білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларында ЖИ қолдану, жұмысты жүйелеу үшін бірнеше жоба іске асырыла бастады. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, жасанды интеллектті қолдану үшін ауылды интернетпен қамту керек. Бүгінде Ақтөбеде 274 ауылға интернет қосылған. Бұл ауыл халқының - 97,5%. Сонымен бірге 14 ауылға мобильді байланыс орнатылады. Ал адам саны 100-ге жетпейтін 18 елдімекенді спутниктік OneWeb жүйесі арқылы қамту жоспарланған.
- Цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласында нақты нәтиже беріп жатыр. Мәселен рентген, КТ және МРТ түсірілімінің қорытындысын талдау үшін жасанды интеллектті қолданатын PACS жүйесі енгізілді. Шілдеден бері шамамен 36 мың зерттеу жүргізілді, жасанды интеллект 34 пайызынан патологияларды анықтады. Ақтөбеде телемедицина да енгізілді. Аудан тұрғындары облыс орталығының мамандарынан онлайн-кеңес алып жатыр. «Яндекс.Карталар» арқылы бірінші санаттағы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын бақылау жобасы іске қосылды, - деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.
Оның айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» және азаматтардың өтініштерін автоматты түрде жіктейтін Е-Otinish жүйесіне жасанды интеллект модулі енгізіледі. Республикалық маңызы бар жолды интернетпен қамту үшін биыл 1 нүкте қосылып жатыр. Тағы төртеуі жоспарда бар. Ал 2026 жылы 12 нүкте үшін республикалық бюджеттен қаржы сұрамақ.
Еске салсақ, AI-Sana бағдарламасы аясында 650 мың студент жасанды интеллект негіздеріне оқытылады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
Алдағы 5 жылда 1 миллион адам жасанды интеллект дағдыларына үйренеді. Бұл туралы министр Жаслан Мәдиев айтты.