Ақтөбеде жедел жәрдем қызметіне 52 реанимобиль берілді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысындағы жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңарды. Бүгін 52 реанимобиль берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конституция күні қарсаңында Ақтөбе облысының ауруханаларына жалпы құны 2 миллиард теңге болатын 52 HYUNDAI және JAC Sunray маркалы реанимобиль берілді. Бұл облыстық жедел жәрдем қызметін көлікпен түгел қамтуға мүмкіндік берді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина саласындағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Сондай-ақ жаңа денсаулық сақтау нысандары, соның ішінде ауылдық жерлерде амбулатория салынып жатыр. Облыс тұрғындарын қолжетімді және сапалы медицинамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Өңірге жеткізілген көліктің 32-сі Ақтөбе қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Ал 17 реанимобиль аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелеріне жіберіледі. Тағы 3 реанимобиль медициналық авиация бөлімшесіне берілді.
«Біз өте қуаныштымыз. Жаңа автокөліктердің арқасында медициналық көмектің сапасын арттырып, медицина қызметкерлерін пациенттерге, ал пациенттерді медициналық мекемелерге жеткізуді жеделдете аламыз. Әсіресе аудандық жедел жәрдем қызметтерінің назардан тыс қалмағаны қуантады. Облыс әкімінің қолдауының арқасында біз автокөліктерге деген қажеттілікті толығымен жауып тастадық», - деп атап өтті Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Марат Жанқұлов.

Аудандық аурухаға қызметкерлері де мұндай қолдау жедел қызметтің сапасын көтеруге мүмкіндік беретінін айтып отыр.
«Жаңа реанимобиль өте жақсы тарту. Аудандық ауруханаларға қажетті техника деп білеміз. Біз енді науқастарға дер кезінде көмектесе аламыз. Бізде үш реанимобиль бар, мынау төртіншісі. Аудан Ақтөбе-Атырау тас жолында екенін ескерсек, жаңа көліктің пайдасы тиері сөзсіз», - деді Алға аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрболат Медеубаев.

