Ақтөбеде жеке мектеп мұғалімдері 4 айдан бері жалақы ала алмай отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Екі жеке мектепте 741 қызметкер жалақы ала алмай отыр. Себебі жан басына шаққанда төленетін қаржы аударылмады.
Ақтөбе қаласындағы «Смарт білім» және «Білім» мектептерінде 9 мыңнан астам оқушы бар. Екі мектеп те жаңа оқу жылында балаларды қабылдап, жұмысын жалғастырып келеді. Алайда жалақы мәселесінің шешімі ұзаққа созылып кеткен. Бұл туралы мұғалімдер әлеуметтік желіге жазып жатыр.
— Қазір 741 адам жалақы ала алмай отыр. Бұл мәселе биыл ғана туындамады, соңғы үш жылдағы жағдай осы. Биыл мамыр-тамыз, содан кейін қыркүйек-қазан айларының ақшасын ала алмай отырмыз. Біз оқу процесін тоқтатпаймыз, балалардың кінәсі жоқ. Қазір бәрі кесте бойынша жалғасып жатыр. Ұстаздар барынша шыдамдылық танытып келеді. Кейбірі жұмыстан кетті, көбі шыдады. Екі мектепте барлығы 9 мың бала оқып жүр, — деді «Смарт білім» және «Білім» мектептерінің директоры Айгүл Арынғазиева.
Оның айтуынша, қазір тапсырыс берушілермен байланыс орнаған. Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мен «Қаржы орталығы» АҚ-нан сұрады. Екі күн бұрын Ақтөбе облысы әкімдігі білім басқармасымен келісімшартқа қол қойды.
— Келісімшарттың негізгі мазмұны сол күйі сақталды. Тек тапсырыс беруші енді облыстық білім басқармасы болады. Қарызды да басқарма төлейді енді, — деді Айгүл Арынғазиева.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеке мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақы ала алмай отырғаны рас.
— Оқу-ағарту министрлігінің жаңа механизміне сәйкес облыстық білім басқармасы бөлінген қаржыны алдымен орталыққа жібереді. Ваучерлік жүйе арқылы «Қаржы орталығы» АҚ-ы оны мектептерге аударуы тиіс. Сұрақтың толыққанды жауабын министрлік қана бере алады, — деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал Оқу-ағарту министрлігі болса таяуда бұл туралы түсінік беретінін хабарлады.
Еске салсақ, жыл басында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жеке мектептер жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтты. Сол кезде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жеке мектептерге 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспеген.