Ақтөбеде жел электр станциясы іске қосылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында жел электр станциясы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Ақтөбе облысына Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авино келді. Ол жел электр станциясының іске қосылу салтанатты шарасына қатысты. Экологиялық таза электр энергиясын өндіру саласындағы пилоттық жобаны іске қосу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Орталық Азия аймағы бойынша «Eni» компаниясының атқарушы вице-президенті Лука Виньяти, «Arm Wind» ЖШС Басқарушы директоры Алекс Альфи Стиллавато, «General Electric» және «BI Group» компанияларының, өңірдің мемлекеттік органдары мен даму институттарының өкілдері барды.

«Бүгін Ақтөбе облысының экономикасы үшін маңызды күн. Елбасы шетелдік инвесторларды ірі трансұлттық корпорацияларды экономиканың басым секторларына тартуға аса назар аударды. Біз өңірдегі жаңартылатын энергия көздері саласындағы алғашқы әрі пилоттық жобаны іске қосқалы тұрмыз. «Жасыл экономикаға» көшу еліміздің даму жолындағы алға қойған мақсаттарының бірі», - деп атап өтті өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

Жел электр станциясының жылдық қуаты - 48 МВт. Құны - 33 миллиард теңге. Станция 20 мың адамды жарық көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, Қарғалы ауданы тұрғындарын электр энергиясымен толық қамтуға болады. 2020 жылы жел электр станциясының екінші кезеңі іске асырылатын болады.

«Біздің міндетіміз - өңірде бизнес жүргізу үшін инвесторға қолайлы жағдай жасау. Осы орайда «Eni» компаниясының жобаға 100 миллион доллар инвестиция салуы билік тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесі болып табылады», - деді Оңдасын Оразалин.

Соңғы жаңалықтар