Ақтөбеде жел электр стансалары салынады

Ақтөбе облысының Мәртөк және Қарғалы аудандарында енді жел электр стансасы салынады. «ENI» және «Genera lElectric» компаниялары жаңа жобаларға инвестиция салуға әзір. Қарғалыда қуаттылығы 48 МВт болады.
«Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ArmWind» компаниясының директоры Абрамо Фердинандо бизнес-кеңестің отырысында тиісті меморандумға қол қойды. Жел электр станциясының жылдық қуаттылығы 190 ГВт-қа тең. Инвестиция көлемі шамамен 100 миллион еуроны құрады. Нысанның құрылысы осы жылдың төртінші тоқсанында басталып, 2019 жылдың соңында пайдалануға беріледі. Құрылыс кезеңінде 300 жұмыс орны құрылады»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Іскерлік жиынға «Қазхром» ТҰК, «SinopecGroup», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өкілдері қатысып, өндірісті жаңғыртуға арналған Жол картасына қол қойылды.
«Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіпрік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» туралы жариялады. Біз оның элементтерін енгізе отырып, жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 85 миллиард теңгеге 42 компанияны жаңғыртуымыз керек. Бұл инвестицияларды ұлғайтуды талап етеді», - деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, жалпы алғанда Ақтөбеде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі 6 инновациялық технология енгізілді. Нәтижесінде кен өндірудің өзіндік құны 1,5 пайызға төмендеп, мұнай өндірісі 10 пайызға өсті.