Ақтөбеде желтоқсаншыларға ескерткіш орнатылуы мүмкін

Ақтөбе өңірінде тұратын желтоқсаншылар былтыр «Желтоқсан алауы» қоғамдық ұйымын құрып, бүгінде 130-ға жуық адамның басын біріктіріп отыр.
«Тәуелсіздікті аңсаған ата-бабамыз осы бір шексіз-шетсіз дархан даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманаттады. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздіктің жаршысы болғанын және мемлекетіміздің тарихында алтын әріптермен жазылғанын атап өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізіп, әлемдік аренада өзіндік лайықты орын алды», - деді Ералы Тоғжанов жиында.
Жиналғандар желтоқсаншыларды әлеуметтік қолдау және оңалту мәселелерін, Ақтөбе қаласында оларға арнап ескерткіш орнату, Желтоқсан оқиғасы туралы кітап шығару, сондай-ақ кейінгі ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында облыс әкімі Желтоқсан оқиғасының қатысушыларын өңірдің қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады.