Ақтөбеде жеңіл атлетика манежі салынады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе қаласына жеңіл атлетика манежін салып береді. Халықаралық стандартқа сай болатын жабық манеж бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазхром» ТҰК» АҚ өткен жылы Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданына Шығармашылық академиясын салып берді. Қазіргі уақытта мұнда 5 мың бала түрлі үйірмеге қатысып жүр.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Шығармашылық академиясы ашылып, қазір балалар өнер, мәдениет, гимнастика, ІТ технология саласында тәлім алып жүр. Заманауи технологияға икемдейтін салаға да басымдық беріледі. Биыл 10 мың бала осы академияға барады. Бәріне белгілі, Ақтөбеде қысқы спорт пен жеңіл атлетика бұрын жақсы көрсеткішке ие болған. Сондықтан біз Батыс-2 ықшам ауданынан жеңіл атлетика манежін салуды жоспарлап отырмыз»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев еңбек ұжымымен кездесуі кезінде.
Айта кетейік, өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 1,6 миллиард теңге бөлінді. Ал демеушілікке 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.
«Биыл біз жеңіл атлетика манежін саламыз. Бұл халықаралық стандартқа сай спорт кешені болады. Сонымен қатар, Хромтау ауданындағы стадион жөнделеді. «Туған жер» акциясы да назардан тыс қалмайды. Біздің қызметкерлер өз өскен өлкесіне көмектесіп жатыр. Негізі әр күн сайын туған жерге көңіл аудару керек. Сол кезде өмір жақсы жағына өзгереді»,- деді Еуразиялық топ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
фото: covsmo.ru