Ақтөбеде жігітті бопсалаған күдікті топ ұсталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде жігітті жалдамалы пәтерге апарып, кейін оны бопсалаған топ ұсталды. Күдіктілер 19 жастағы қыз бен екі ер адам.

полиция
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыз әлеуметтік желі арқылы 25 жастағы жігітпен танысады. Кейін жалдамалы пәтерге апарады. Сол кезде пәтерге екі ер адам келіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырады. Әрі кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін айыптап, одан қомақты ақша бопсалады.

қылмыс
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

- Тергеп-тексеру барысында күдіктілер бұрын сотталған екі жергілікті тұрғын мен 19 жастағы бойжеткен екені анықталды. Олар алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленушіні бопсалау схемасын құрған. Жас жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысқан қыз оны жалдамалы пәтерге шақырған. Кейін бұл жерге күдіктілер келіп, өздерін құқық қорғау огандарының қызметкері ретінде таныстырған. Олар бойжеткеннің «кәмелетке толмағанын» және оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскенін айтып, 2 миллион теңге бопсалаған. Ұсталғандар кінәсін мойындады және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде адам бопсалаумен айналысқан студенттер тобы құрықталды.

 

Соңғы жаңалықтар