18:33, 28 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Ақтөбеде жоғалған жігіттің мәйіті табылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының базарында белгісіз көлікке мініп кеткен Ерхан Тілеумбетовтің денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ерханның қаза болғанын бүгін хабарлады. Полиция қызметкерлері сот-медициналық сараптама тағайындады»,- деді Ерхан Тлеумбетовтің әйелі Маржан Ошақова.
Мәлім етілгендей, мәйіт Ақтөбе қаласының Сазды ауылдық округі маңынан табылған. Ерхан Тілеумбетовті туыстары киім-кешегі арқылы таныған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 31 жастағы Ерхан Тлеумбетов 3 тамыз күні базар ішінде белгісіз көлікке мініп кетіп, содан ізім-ғайым жоғалған. Оның көлікке мінген сәті базар ішіндегі бейнекамераға түсіп қалған. Сол уақыттан бері құқыққорғаушылар іздестіру жұмыстарын жүргізді.