Ақтөбеде жол апаты кезінде 3 шетелдік көз жұмып, екеуі ауруханаға түсті

Самара-Шымкент тасжолының Қобда ауылы маңында екі көлік соқтығысты. Үш адам көз жұмды. Олар - Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары, деп хабарлайды Kazinform.

жол апаты
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі
дтп
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Оқиға 29 қазан күні болды. Самара-Шымкент тасжолының 606-шақырымында «Kia-Rio» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі Батыс Қазақстан облысынан Ақтөбе облысының Қобда ауылына қарай келе жатқан «Chevrolet-Captiva» автокөлігімен соқтығысқан. «Kia-Rio» автокөлігінің жүргізушісі — Тәжікстан, ал «Chevrolet-Captiva» автокөлігінің жүргізушісі — Өзбекстан елінің азаматы.

дтп
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— Апат салдарынан екі жүргізуші және «Chevrolet-Captiva» жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ, екі көлік құралының екі жолаушысы әртүрлі жарақатпен Қобда аудандық ауруханасына жатқызылды. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды, — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

жол апаты
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Қобда аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әділбек Исмаиловтың айтуынша, 40 жастағы Өзбекстан азаматы ми жарақатымен түскен. Бетінде түрлі ашық жарақат болды. Сонымен бірге сол жақтағы 2-9 қабырға аралығында жабық ығысқан сынығы тіркелді. Оны Ақтөбе медицина орталығына жіберу үшін дайындап жатыр.

- Сонымен бірге 12 жасар Тәжікстан азаматы ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Ми жарақаты бар. Сонымен бірге екі аяқтың сан сүйегінің ығысқан жабық сынығы тіркелді. Оны Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасына жібердік, емін сонда жалғастырады,- деді Қобда аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әділбек Исмаилов.

Соңғы жаңалықтар