Ақтөбеде жол апаты кезінде жеңіл көлік қақ айырылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, біреуі екіге бөлініп қалды. Жүргізуші мен жолаушы ауруханада, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жол апаты кезінде жеңіл көлік қақ айырылды

Самара-Шымкент тасжолының 705 шақырымында екі көлік соқтығысты. «Ваз 21144» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жол және метеорологиялық жағдайларды ескермей, қарсы жолақтағы «Опель Вектра» автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан ВАЗ автокөлігі қақ айырылған. Көлік ішінде тек жүргізуші болды. Ол дін аман, еш жарақат алмады. Ал «Опель Вектра» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақатпен Ақтөбе қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды.

Ал Ақтөбе облысының Полиция департаменті қала мен аудандардан тыс жерлерге шығу кезінде жол қозғалысы ережелері мен метеорологиялық жағдайларды ескеру қажеттігі туралы айтады»,- облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, Самара-Шымкент тасжолында жүк көліктері соқтығысып, уақытша жол жабылып қалған болатын.