Ақтөбеде жол апатынан көз жұмған ер адамның жақындары іздестірілуде
Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті 64 жастағы Қайырғали Тасқалиевтің туған-туыстарына іздеу салды. Себебі, 2 қараша күні Ақтөбе қаласында жол-көлік апаты болып, жүргізуші ер адамды көлігімен қағып кеткен. Зинченко көшесінен Зауыт көшесіне қарай бағытталған көлік жолды кесіп өтпек болған адамды қаққан. Ер адам жедел жәрдем ауруханасына жеткізілгенімен, бір күннен соң көз жұмды.
«Жәбірленуші алған жарақаттары салдарынан көз жұмды. Біз Қайырғали Тасқалиевтің туған-туыстарын іздестіріп жатырмыз. Ол Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданында тұрған. Білетін адамдар болса 8 (7132) 936-404 немесе 8-776-774-0926 телефондарына қоңырау шалуды сұраймыз»,- деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз орталығынан.
Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің ««Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, абайсызда екi адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеті» бабы бойынша із қозғалды, тергеу жүріп жатыр.