Ақтөбеде жол белгілерін салуға жауапты шенеунік 8 жылға сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жол қозғалысы қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығының басшысы Абзал Тильмағамбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбеде жол белгілерін салуға жауапты шенеунік 8 жылға сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

№2 Ақтөбе қалалық сотында Жол қозғалысы қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығының басшысы Абзал Тильмағамбетовке қатысты істің үкімі оқылды. Абзал Тильмағамбетов «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді және өмір бойына мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемеде жұмыс істей алмайды. 

Ақтөбеде жол белгілерін салуға жауапты шенеунік 8 жылға сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сонымен бірге сотталушы Аслан Кусумов «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 10 жыл белгілі бір басшылық қызметті атқара алмайды.

- Абзал Тильмағамбетов 2023 жылдың сәуір-қараша айлары аралығында қызметтік өкілеттігін жеке және бөгде адамдардың мүддесі үшін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырған. Ол «А» ЖШС-нің мемлекеттік сатып алуға қатысуын қамтамасыз етіп, жол белгілерін салуға қосымша келісімшарт жасаған. Жұмыстар орындалмағанына қарамастан жалған актілерге қол қойып, нәтижесінде мемлекетке 272 млн теңге көлемінде ірі залал келтірілген. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің жауабымен және іс құжаттарымен расталды, - деді Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде төрт жыл бұрын басшының міндетін атқарған Жанболат Құсмұхамбетов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол веложолдың жобалық-сметалық құжаты болмаса да, алғашқы келісімшартқа қол қойған. 

Соңғы жаңалықтар