Ақтөбеде жол бойындағы жылыту және медициналық-құтқару бекеттері әзірленіп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында 129 жылыту, 3 медициналық-құтқару бекеті дайындалды. Қазіргі кезде жолдарға қажетті инертті материал тасымалданып жатыр.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбеде шұғыл жиын өтті. Онда бірер күнде өңірде жаңбыр жауып, арты қарға ұласатыны айтылды. Сол кезде төтенше жағдайлар қызметі, жолға жауаптылар мен медицина қызметі толық дайын болуы тиіс. Облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғындар төтенше жағдайға тап болған мезетте тәулік бойы қызмет көрсететін 109 Ахуалдық орталығы немесе 112 құтқару нөміріне хабарласа алатынын еске салды. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында күрделі жағдайларды болдырмауға бағытталған барлық шараны уақытылы қабылдауды міндеттеді.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

— Республикалық тас жолдарға, әсіресе «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Қостанай» бағытындағы жолдарға дер кезінде қызмет көрсетуге қажетті техникалар мен инертті материалдар қорын дайындау аса маңызды. Тиісті апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз ету қажет. Жол жабуға қатысты шешім құзырлы органдармен бірлесе шешілу керек,— деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ, электр қуатының авариялық ажырауы қатты жел күні жиі тіркеледі. Күздің суығында адамдарға жарықты үздіксіз беру үшін энергетика саласының да әзір отырғаны абзал. Асхат Шахаров облыстық эергетика басқармасына авариялық қызмет көрсету бригадалары мен резервті генераторлардың дайындығын қамтамасыз етужі жүктеді. Ал кәсіпкерлік басқармасы аудандардағы жанар-жағармай және азық-түлік қорын бақылауға алады. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі кездк 1567 адам және 455 бірлік техниканың әзір. Республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін 129, оның ішінде Самара-Шымкент тас жолының бойында 46 жылыту пункті бар. Қыста жұмыс істейтін 3 трассалық медициналық-құтқару пункті дайын.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабардауынша, Самара-Шымкент автожолының 791-819 шақырымында «Сине Мидас Строй» ЖШС үздіксіз және қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында 10 арнайы техникасын жұмылдырып, тайғаққа қарсы материалдар дайындап жатыр. «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалының 6 жол пайдалану бөлімшесі, 12 жол пайдалану пункті республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің 1752 шақырымына күтіп-ұстау жұмыстарын атқарады. 

Айта кетейік, Ақмола облысының полицейлері ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларды күшейтілген патрульдеуге кірісті.