Ақтөбеде жол ережесін жиі бұзатын шетелдік нөмірлі көліктердің тізімі жасалып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында екі ай бұрын іске қосылған бейнебақылау камералар 58 мыңнан астам бұзушылықты тіркеді. Қазіргі кезде шетелдік нөмірі бар көліктертің тізімі жасалып, барлық бөлімдерге таратылды.
Ақтөбе облысында жолаушылар тасымалдау ережесін сақтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Тасымалдаушы» алдын-алу шарасы өтіп жатыр. Сонымен бірге шетелдік нөмірі бар көлік иелерінің жол-көлік ережесін сақтау тәртібі қабылауға алынды.
- Қазіргі кезде қаладағы бейнекамералардың көмегімен шетелдік нөмірі бар көліктердің иесін анықтап, олардың тізімін бөлімдерге таратып жатырмыз. Олар көбіне жылдамдықты сақтамаған. Салдарынан бір көлікке 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ол айналдырған екі айда осындай айыппұл арқалап отыр. Бір көлікпен 100-ден астам бұзушылық жасаған. Бәрінде дерлік жылдамдықты асырды. Егер бір көлік иесі екі рет бұзушылық жасаса, көлік иесін іздейміз. Енді сол көлік үнемі бақылауда болады,- деді Ақтөбе қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Мирхан Есенжолов.
Айта кетейік, 16 тамыздан бастап жылдамдықты өлшейтін 66 автоматтандырылған бейнебақылау камерасы іске қосылды.
Екі айда 58 мыңнан астам жол жүру ережесі бұзушылықтарын тіркеді. Оның ішінде 4 мыңға жуығы жылдамдықты сақтамаған 400 шетелдік тіркеудегі автокөлік иелері болып шықты. Ақтөбе қалалық полиция басқармасы қызметкерлері 35 млн теңге қарызы бар шетелдік тіркеуі бар 42 автокөлікті анықтап, арнайы тұраққа қойды.
- Қалада жол-көлік оқиғасы көбейді. Биыл 32 адам көз жұмды, 200-ден астам адам зардап шекті. Айып тұрағына қызметтік көлік те жеткізіледі. Олар көп емес. Жүргізушілері арасында масаң күйде рульге отыратындары бар,- деді Мирхан Есенжолов.