Ақтөбеде жол-көлік апатынан екі айлық сәби шетінеп кетті
«LADA Priora» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин даңғылымен жүріп келе жатып, қозғалыс бағытын өзгертер кезінде өзгеге жол бермей, «DaimlerChrysler 1117» көлігімен соқтығысты. Салдарынан «LADA Priora» автокөлігі қозғалыс бағытын өзгертіп, «ГАЗель» автокөлігімен соқтығысқан. Ал бағытын өзгертке «ГАЗель» көлігі «Ваз 2115» автокөлігіне барып соқтыққан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «LADA Priora» автокөлігінің салонында болған екі айлық сәби Ақтөбе қаласындағы орталық балалар ауруханасына жатқызылды. Ол кейін есін жимастан шетінеп кетті.
Ал 23 жастағы ақтөбелік жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу» бабымен тергеу басталды.
Жүргізушілердің кінәсінен жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Жол қозғалысын күнделікті қадағалау және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында өңірде рейдтік іс – шаралар жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс жолдарында 384 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 70 адам қаза тапты, 508 адам жарақат алды.