Ақтөбеде жол құрылысына жауапты басқарма басшысы қызметіне сай болмай шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жол құрылысына жауапты басқарма басшысы Әдеп кеңесінде тәртіптік жазаға тартылды. Прокуратура атқарылмаған жұмыс үшін қаржы аударған Айбек Қайырдың ісін тізбектеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жол құрылысына жауапты басқарма басшысы қызметіне сай болмай шықты

Ақтөбеде Әдеп кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты іс қаралды.

«Талдау жұмыстары барысында Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр мен «КТП» ЖШС арасында Ақтөбе қаласын оңтүстік жағынан айналып өту жолын қайта жаңарту кезінде орындалмаған жұмысқа алдын ала бюджет қаржысын аударып жіберілгені көрсетілген. 2017 жылдың 16 қазанында келісімшарт жасалған. Жұмыстың орындалуы 17 ай болып белгіленген. Осы шартқа сәйкес қосымша ұзарту, яғни, 2021 жылдың 31 желтоқсанына деп келісімшарт жасалған. Биыл наурызда нысанды прокуратура тексеріп, 27,6 млн теңгенің жұмысы атқарылмағанын білді. Құжат бойынша 8,9 млн теңгеге сыртқы жарықтандыруға арналған 340-тан астам болат тіректер орнату жұмысы қабылданған. Бірақ жұмыс іс жүзінде іске аспаған. Сонымен қатар 28,1 млн теңгеге 34 дана бағдаршам дабылдамасын орнату керек болды. Мұның ішінде тек 8-і орнатылған. Ал 18,7 млн теңгеге 24 бағдаршам дабылдамасын орнату жұмысы атқарылмаған. Басқарма басшысы Айбек Қайыр прокуратураға берген түсініктемесінде бұл жұмыстар қыс мезгіліне тап болғандықтан орындау мүмкін еместігін жеткізген. Визуалды тексеру жеткілікті, арнайы сараптама қажеті жоқ деп санаймыз», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басқармасының бас маманы Гүлхан Сисенбина.

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр бұл уәжбен келіспеді.

Оның айтуынша, жобаны ішінара өзгерту хаттамасы бар. Кейбір жұмыс қосылғанымен, кейбірі қысқарып қалады.

«Оңтүстік айналма жол жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асыру көзделген. Бірақ 2017-2018 жылдары қаржыландыру болмады. Сөйтіп қаржыландыру 2019 жылы басталды. Қызметке кіріскен соң осы жобаның барлығын қайта қарап шықтым. Экс-басшысы Мәлімбет Ибрашевке қатысты кезінде тәртіптік жаза қолданылған. Ол 822 млн теңге қаржы артығымен төленген. Мәселені шешу үшін барлық шара қабылданды. Жұмыс атқарылды. Асфальт төсеу жұмыстары жасалды. Былтыр 1,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылды. Аудиторлық бақылау да болды. Прокуратура визуалды қарады. Құрылыс кезінде атқарылған жұмысқа қатысты актпен қатар, азайту, қосымша жұмыс қосу бар екенін ескертемін. Прокуратура айтып отырған жұмыстар сол кезде қысқартылды. Қазіргі кезде жолдың бегілі бір бөлігі қосылып жатыр. Оны ескермеген. Ал аумақтың құрылысына жауапты «КТП» серіктестігіне қатысты арыз түсірдік. «Мемлекеттік сатып алутуралы» Заңнамасы аясында серіктестікке шара қолдану қажет деп есептейміз», - деді Айбек Қайыр.

Әдеп кеңесі оған қызметіне толық сай емес деген ұйығарым берді. Қазіргі кезде Оңтүстік айналма жолда әлі де құрылыс жалғасып жатыр.