Ақтөбеде жолдарды қыста күтіп ұстауға 2,7 млрд теңге жұмсалады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – 1 желтоқсаннан бастап төтенше жағдайлар қызметі мен полиция бірге кезекшілікке шығады. Бұл жол қозғалысын шектеу мен уақытша жабуды шұғыл ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

уборка снега, вывоз снега, грузовые машины, қар тазалау
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар жолдарды қыста күтіп ұстау үшін аумақ 174 учаскеге бөлінді. Оның 13-і облыстық, қалғаны аудандық жол.

- Автожолдарды күтіп ұстауға 44 компания жауапты. Оның ішінде 8-і облыстық жолдарда және 36-ы аудандық жолдарда жұмыс істейді. Компаниялардың 290 техникасы дайын. Барлығы 3,7 мың тонна инертті материал әзірленді. Оның ішінде құм-тұз қоспасы, құм бар. Сонымен бірге 1,8 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Жалпы 2025 жылға жергілікті жолдарды күтіп ұстауға 2,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,2 млрд теңге облыстық жолдарға, 1,5 млрд теңге аудандық жолдарға бөлінді, - деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Қазіргі кезде жол бойында тиісті жол белгілері орнатылып, су өткізгіш құбырлар мен көпірлер тазартылған. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері алдағы он күн бойы мердігер мекемелердің қысқы кезеңге дайындығын тексереді.

- Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қар көп жиналатын учаскелердің жалпы ұзындығы - 98 шақырым. 1-желтоқсаннан бастап облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қар ең көп жиналатын учаскелерінде жалпы ұзындығы 5 000 метр жасанды қар ұстайтын құрылғы орнатылады. Ол Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск, Қобда - Мәртөк, Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк, Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық жолдары. Қыста жедел әрекет ету және бірыңғай мониторинг жүйесіне интеграциялау мақсатында облыс әкімдігі жанындағы ситуациялық орталық 53 арнайы техникаға GPS навигатор орнатады. Сөйтіп техниканың нақты орналасқан жерін және қозғалыс бағытын бақылауға мүмкіндік бар. 1 желтоқсанынан бастап жол-көлік қозғалысын шектеу немесе уақытша жабу шараларын қабылдау үшін жол полициясы басқармасы және төтенше жағдайлар департаменті бірге кезекшілік ұйымдастырады,- деді Айбек Қайыр.

Айта кетейік, биыл қыста республикалық жолдарға 33,8 мың тонна құм, 7,6 мың тонна тұз дайындалады. Сонымен бірге қар басу қаупі жоғары жол бөліктеріне ағаштан қалқан жасалады. 

Соңғы жаңалықтар