Ақтөбеде жолға бөлінетін қаржы он есеге көбейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында биыл облыстық, республикалық маңызы бар жолдарға 60 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, игеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбеде жолға бөлінетін қаржы он есеге көбейді

Ақтөбедегі республикалық жолдың 56 пайызы жақсы сақталған. Ал облыстық маңызы бар жолдың 65 пайызы, аудандық маңызы бар жолдың 16 пайызы жарамды. Жыл өткен сайын жол жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі артып келеді.
«2015 жылы 6,2 миллиард, 2016 жылы 11 миллиард, 2017 жылы 23 миллиард теңге бөлінді. Ал биыл жолға 44,1 миллиард теңге бағытталып отыр. Оған «Ақтөбе-Атырау» тасжолына бөлінетін 15 миллиард теңгені қосамыз. Сонда жолға бөлінетін қаржы он есеге артады»,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.
Айта кетейік, биыл «Ақтөбе-Орск» тасжолының құрылысы аяқталады. 0-8 шақырымы 8 жолақты болады.
«Ресей Федерациясының алдындағы уәдемізді өз уақытында орындауымыз керек. Олар үнемі бізге «Ақтөбе-Орск» жолын айтады. Жоспар бойынша үш жылда жұмыс аяқталуы керек болса, біз екі жылда пайдалануға береміз. Биыл 50 км салынады. Сол кезде Челябі, Мангитогорскіге жол ашылады»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбеде бес жоба бойынша жол құрылысы мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынады. Биыл 11 миллиард теңгенің жұмысы жүргізіледі. Құны 2,5 миллиард теңге болатын жоба мақұлданып отыр.
«Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 700 миллион теңге қаржы үнемделді. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін басқармаға тағы екі адамды жұмысқа алғымыз келеді. Олар жобалау жұмыстарын жүргізуге септігін тигізеді. Негізі, мектеп, балабақша, әкімшілік ғимараттарын салған кезде құрылыс компаниясына жол салуды міндеттеу ұсынылады. Бәрін мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында атқаруға болады»,- деді А.Османғалиев.