Ақтөбеде жолға төселген қиыршық тастан емес, құмнан сынама алынады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қиыршық тас зауыттан шыққан өнім. Табиғат жанашырларының шағымынан соң экологтар көктемде құмнан сынама алуды жоспарлап отыр.

жол
Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы

Ақтөбе қаласында жол салынбаған, бірақ қатынасы қиын көшелерге ферроқорытпа зауытынан шыққан өнім төселді. Кейінгі жылдары қала маңындағы ауылдарда ғана емес, қаланың қиылыс көшелеріне де өндіріс орнынан шыққан тас жеткізілді. Экологтар зертханалық сынама құжаты бар әрі өнім ретінде тіркелген тастың құрамында зиянды заттың бар немесе жоқ екенін тексере алмай отыр.

— Қазіргі кезде зауыттан алынып жатқан қиыршық тас қалдық емес, өнім ретінде тіркелген. Біздегі зертханада тексеру үшін тек қалдықтың ғана сынамасын ала аламыз. Топырақ, су және атмосфераның ластануын білуге болады. Зауытта қиыршық тастың сертификаты бар. Сондықтан тастың құрамын зерттеп, баға бере алмаймыз. Зауыттың өзі еуропалық және қазақстандық өзге зертханаға сынамасын жіберіп, тексертуге жіберген. Қорытындысын өздері де айта жатар. Экология департаменті қиыршық тастың астындағы топырақтың сынамасын алып, тексеруге жібере алады. Былтыр ауа райына байланысты сынама алып үлгермедік. Биыл көктемде осы жұмыс істеледі. Оған табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділерін де шақырып, зауыт өкілдерімен бірге сынама алуға болады, — деді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында асфальт төселмеген көшелерге ферроқорытпа зауытынан қиыршық тас алынады. Табиғат жанашырлары төселіп жатқан тастың адам денсаулығына зияны болуы мүмкін екенін айтып, экологтарға ескерткенімен, жергілікті әкімдік арнайы рұқсат құжаты алынғанын айтты

Соңғы жаңалықтар