Ақтөбеде жұлдызқұрт орман ағаштарын құртып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 80 гектар болатын екі орман алқабын улау қажет. Қазір сол аумақта құрт қаптап, ағаштар жапырақсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданы аумағына қарасты екі орманда қазір құрт қаптап жүр. Жұлдызқұрт бірер күннен кейін көбелекке айналуы тиіс. Алайда сол бірер күнде аумағы ондаған гектар орманды отап кетуі мүмкін.
«Ақтөбе қаласында шамамен 40, Мәртөкте 40 гектар болатын аумақты улау керек. Бұл 80 гектар аумақты дезинфекциялау жұмысына үнемделген қаржыдан ақша бөлінеді. Біз зиянкестер отап кеткен 4-5 га аймақты ғана емес, жалпы орманды залалсыздандырамыз. Өйткені желмен ұшып бара береді. Өңірде жаңбыр жауды. Бұл кезде улауға болмайды. Желсіз, күн ысыған шақта жұмысқа кірісеміз. Улау жұмысына жауапты мердігер де анықталып отыр», - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғабит Қылышбаев.
Айтып өтейік, Ақтөбе облысы бойынша барлығы 7 орман шаруашылығы бар. Биыл орманшылар тәлімбақта бапталған екпені екті.