Ақтөбеде жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Басқарма басшысы қызметін Нұргелді Өтемұратов атқарады. Ол бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Ақтөбе облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметіне Нұргелді Өтемұратов тағайындалды.
37 жастағы ақтөбелік қаржы, құқықтану, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 2010 жылы әскери қызметтен бастаған. Әр жылдары ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында басшылық қызметтер атқарған. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020–2025 жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің кеңесшісі және қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы болды. 2025 жылғы сәуірден бастап Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Еске салсақ, Ақтөбе облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс басқармасы бірер жыл бұрын ғана құрылып, басшысы тағайындалған еді. Бұл қызметті сол кезде Теміржан Бөлтеев атқарды.
Сонымен бірге өткен аптада Ойыл және Шалқар аудандарының әкімдері тағайындалды.