Ақтөбеде жұмыспен қамту орталығы балабақша ғимаратын «тонап» кеткен
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкер Әсемгүл Балқыбаева мемлекеттік сатып алуға қатысып, 195 орынға арналған балабақша ғимаратын жөндеп, іске қосуға келісім берді. Бірақ ескі ғимаратта отырған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көшкен кезде есігі мен төсенішін, жылу батареяларын түгел алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында бұрын балабақша ғимараты болған нысандарды қайтару жұмысы жүріп жатыр. Бұл жолы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қоныстанған екі қабатты ғимарат мемлекеттік сатуға шығарылды. Конкурс кезінде кәсіпкер Әсемгүл Балқыбаева жеңімпаз болып, қалалық әкімдік пен кәсіпкер келісім шартқа қол қойды. Кәсіпкер ғимаратты жөндеп, санитарлық ережелер бойынша бір айдан соң бақшаны іске қосуы тиіс болатын. Бірақ екі қабатты ғимаратта қазір жылу батареялары, есіктері мен еденге жайылған линолеум жоқ, электр тоғы зақымданған. Кәсіпкер барлық шығынды 5 миллион теңгеге есептеп, ішкі істер органдарына арыз түсірді.


«Ақтөбе қаласында бірнеше балабақша жұмыс істеп тұр. Бұл саланы жақсы меңгерген соң балабақша аумағын кеңейтіп, жаңа іс бастауды жөн көрдім. Бәссаудаға қатысып, 195 орынға арналған балабақша ғимаратын иеленіп отырмын. Біздің міндетіміз ғимаратты жөндеп, жиһазбен қамтамасыз ету, балабақшаны мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында іске қосу. Жөндеуге арналған қаржыны өзіміз шығарамыз. Жөндеу жұмыстары үшін «Даму» қорынан 10 миллион теңге несие алуы үшін өтініш жазған едім. Қазіргі шығыным асып кетіп отыр. Несие алатын кезде мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері батареяларды алып кететінін білмедім. 7 тамыз күні орталыққа келіп, ғимаратты босатуды сұрадым. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нейлә Бөртебаева демалыста жүргенін, көшуге уақыт беруін сұрады. Біз келмедік. Олар ең соңғы затын 22 тамыз күні шығарып, кілтті далада жүрген жұмысшыма беріп кеткен», - деді кәсіпкер Әсемгүл Балқыбаева.
Кәсіпкер ғимарат босады деген хабарды естіген соң ішкі жұмыстарға жауапты қызметкерін жіберіп, қажетті заттардың тізімін жасауды сұрайды. Жылу жүйесін тексеруге келген қызметкер бірде-бір батарея қалмағанын, еденге төселген линолеумнің, электр тоғының бұзылғанын көрген. Енді кәсіпкер барлық батареяларды қайта орнатып, жұмысшының ақысын төлеуді талап етіп отыр. Мән-жайды біліп отырған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нейлә Бөртебаева тергеу жұмыстары аяқталмай нақты ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.
«Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу жұмысы аяқталғанға дейін ештеңе айта алмаймын. Ол ұрланған заттар менің үйімде табылды деп жазған. Бұл-жалған»,- деді ол.
Ақтөбе қалалық әкімдігі осы оқиғаға байланысты комиссия құрып, тексеру жұмысын бастады.
«Кәсіпкердің арызына байланысты қалалық әкімдікте тексеру комиссиясы құрылды. Осы іс бойынша Сазды полиция бөлімі тергеу жұмыстарын бастады», - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Томчук. Қалалық әкімдікте құрылған комиссияны әкімнің орынбасары Рузия Айдашева басқарады. Сонымен қатар, заңгерлер мен қаржыгерлер де бар.
Айта кетейік, ғимараттағы мүліктің жоғалуына байланысты Қылмыстық кодектің «Ұрлық» бабы бойынша іс қозғалды.
