Ақтөбеде жұмысшылардың экологиялық төлемін қысқартқан мұнай компаниясы сотта жеңілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбегі ең ірі мұнай компаниясы жұмысшыларына экологиялық үстемеақы төлеуді тоқтатты. Бұған келіспеген үш жұмысшы сотқа арыз беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
None
None

Ақтөбе қалалық сотында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның үш жұмысшысының арызы қаралып, олар жеңіске жеткен болатын. Ал бүгін азаматтық іс апелляциялық сатыда қайта қаралды.

Іс материалына сүйенсек, Ақтөбе жеріне келген қытайлық инвесторлар 20 жылдан бері жұмысшыларға тұрғылықты жеріне байланысты экологиялық үстемеақы төлеп келді. Ал 2017 жылдан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығының бұйрығымен экологиялық төлемдер тоқтатылып, есесіне 2380 қызметкердің жұмыс істеп жүрген жеріне қарай қосымша ақы және жеңілдіктер енгізілді. Бұл Арал маңында тұратын Ақтөбе облысы Шалқар ауданы тұрғындарының көңілінен шықпады. Себебі олар жалақыға 50 пайыз үстемеақы және жылсайынғы еңбек демалысына қосымша 12 күн алып келген болатын. Бұдан кейін жұмысшылар сотқа арыз түсірген. Ақтөбе қалалық азаматтық соты талапкер Серікбай Амантұрұлының, Мұхидулла Шүйіншалин мен Мұрат Төлеубаевтың арызын қанағаттандырып, экологиялық төлемді толық қайтаруға шешім шығарды. Бүгін іс апелляциялық сатыда қаралды.

«Мұнай компаниясы сот шешімін өзгертуді сұрайды. Себебі, осы істен кейін әлеуметтік араздық туып, барлығы жаппай сотқа жүгінуі мүмкін. Сонымен қатар, мұнай компаниясы 2380 жұмысшыға төлеп отырған қосымша ақыны алып тастауға, бұрын төлеген қаржыны сот арқылы кері қайтаруға мәжбүр болады»,- деді мұнай компаниясының өкілі Жанна Лежвинская.

Ал талапкерлердің адвокаты алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Себебі, өзі қорғап отырған үш жұмысшы өмір бойы Арал маңы экологиялық аймағымен теңестірілген Шалқар ауданында тұрады.

«Мұнайшылар «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес үстемеақы алып келді. Бірақ арада 20 жылдан астам уақыт өткеннен кейін мұнай компаниясы бұрынғы төлемдерді заңсыз деп шешіп, барлығына ортақ өз ережесін ұсынды. Нәтижесінде экологиялық аймақта тұратын жұмысшылардың құқықтары бұзылды. Олардың денсаулығы туралы айтпаса да түсінікті»,- деді қорғаушы Сеул Хон.

Айта кетейік, апелляциялық сатыда алғашқы сот шешімі өзгеріссіз қалды. Мұнайшылар өз шағымдарының дұрыс екенін дәлелдеп, жеңіске жетті. Ал мұнай компаниясы кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар