Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандар қоныстанған орталықтың видеосы тарап кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Темір тор ішінде темір ыдыстан тамақ ішіп отырған орталық тұрғынының әрекеті көпшілікті алаңдатып қойды. Kazinform тілшісі орталықтағы жұмыстың қалай үйлестірілгенін сұрады. 

Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандар қоныстанған орталықтың видеосы тарап кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласы шетіндегі № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1988 жылы ашылып, жұмыс істеп тұр. Мұнда қазір 400-ден астам тұрғын бар. Бәрі де жүйке ауруына шалдыққан, кейбірі мүгедектігі бар адамдар. Мұнда 18 жастан асқан ересектер қабылданады. 

— Қазіргі таңда аталған мекемеде 430 тұрғын бар. Барлығы дәрігерлердің қорытындысымен келген, жүйке жүйесі бұзылған адамдар. Орталықта оларға 200-ге жуық қызметкер қызмет көрсетеді. Олар ауысыммен жұмыс істейді. Әлеуметтік желіге осы жер тұрғынының атымен тіркелген аккаунттан видео тарады. Ол тұрғын 2020 жылы осында түсті. Жасы — 25-те. Бұрын «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тәрбиеленген. Ол өзі мұнда жатқанын заңсыз деп есептейді. Психологтар, психиатрлар жұмыс істеді, иемге келмейді. Келгеннен бастап осыннан қашып кетуді әдетке айналдырған. Жылына бір рет қашып кетеді. 26-наурыз күні қашып кетіп, 27-і күні қызметкерлер тауып алды. Психиатрдың жолдамасымен емдеуге жіберілді. Ал видеодағы тұрғын орталыққа 2019 жылы жатқызылған. Ата-анасы бар, келіп тұрады. Ол әйелдердің шашынан тартып, ер адамдарды тістейді. Қазір оқшауланған, - деді № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлназ Сисенова.

Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандар қоныстанған орталықтың видеосы тарап кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

Оның айтуынша, орталық тұрғындарының қорғаншысы — мекеме басшысы. Әр тұрғынның құқығын қорғау басшының міндеті. Сондықтан полицияға шағым да түсірді. 

— Орталықтағы тұрғындар өз іс-әрекеттеріне жауап бере алмайтын болғандықтан бәріне мен жауаптымын. Әлеуметтік желідегі ақпарат тұрғынның қолымен жасалған дүние емес. Себебі онда телефон жоқ. Кім пайдаланып отыр? Оны құқық қорғау органдары анықтайды. Шағым түсірдім, материалдарды көрсеттім, - деді Гүлназ Сисенова.

Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандар қоныстанған орталықтың видеосы тарап кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

№ 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мейіргер, медбикелермен бірге терапевт, невропатолог, психиатр жұмыс істейді. Науқастар 2 және 3 мезгіл дәрі-дәрмек, 5 мезгіз тамақ ішеді. Тұрғындардың зейнетақысының 70 пайызы орталық есепшотына түседі, ал 30 пайызы тұрғындардың өз шотында тұрады. Егер тұрғын ырыққа көнбей, айналасына қауіп төндірсе, оқшауланады, кейін емге жіберіледі. Ем сол маңдағы орталықта жүргізіледі. 

— Жалпы мекемеде камера жеткіліксіз. 10 мың шаршы метр жерде 30 шақты камера бар. Оның жартысы жасап, жартысы жасамай тұр. Қазір Мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланды, қызмет көрсетуші мекеме анықталады. Камералар қосылып, орындарын өзгертіп аламыз. Мына жерде соңғы рет 2004 жылы күрелі жөндеу жасалған. Кәріз жүйесінің бәрі шіріп тұр. Жобалық-сметалық құжат дайындалған соң жарық, кәріз, сумен жабдықтау жұмысы жүргізіледі. Әкімшілік ғимарат салынып жатыр. Сонымен бірге жылу қазандығы салынады. Қыста жел соғатын терезелердің бәрін қымтап, жауып шықтық биыл. Негізі күрделі жөндеу керек, - деді орталық директоры.

Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандар қоныстанған орталықтың видеосы тарап кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

Айта кетейік, орталықта кітапхана, қолөнер бөлмесі бар. Тұрғындар кітап оқып, түрлі мәдени шараға қатысады. Сонымен бірге тоқыма тоқып, сурет те салады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі былтыр төменгі қабаттағы терезедегі темір торларды алдырып тастады. Сонымен бірге қоршаудың жоғары жағында темір жоқ. 

— Территория үлкен, қоршаулар аласа. Ол да бір жағынан дұрыс шығар. Насқау болса да олардың құқықтары бар, - деді Г.Сисенова.

Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандар қоныстанған орталықтың видеосы тарап кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының атынан шағым түспеген.

Соңғы жаңалықтар